Ұлттық биобанк құру ұсынылды

25 Наурыз 2021, 18:45
1673
Бөлісу:
Ұлттық биобанк құру ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысында Ұлттық биотехнология орталығындағы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Мақсат Жабағин Ұлттық биобанк құруды ұсынды.

Оның басты міндеті – Қазақстанның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін сақтау.

Қазақстанда өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің тізіміне Қазақстандағы флораның  387 түрі және фаунаның 224 түрі еніп отыр. Қазіргі кезде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан тірі табиғат түрлерін қорғаудың дәстүрлі шаралары міндетті түрде инновациялық технологиялармен толықтырылуы керек, атап айтқанда, "биодепозитарий" немесе "биобанк" деп аталатын биологиялық ресурстар орталықтарында жүзеге асатын криоколлекцияларда жасуша материалдары сақталуы керек, - деді сарапшы.

Жас ғалымның пікірінше, мұндай "биобанк" халықаралық стандарттарға сәйкес келетін инфрақұрылымы бар, ғылыми мақсат және ұтымды пайдалану үшін биологиялық үлгілерді жинау, сақтау, өңдеу және тарату жөніндегі бірыңғай оператор бола алады. Сарапшы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің мұздатылған жасушалық материалдары сақталатын Frozen Ark халықаралық консорциумын, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің "Нұх кемесі", сондай-ақ АҚШ ұлттық денсаулық институты жанындағы тірі жүйелер депозитарийі және жаңа биологиялық белсенді заттарды іздеуге пайдаланылатын әртүрлі жануарлар мен өсімдіктердің 100000-нан астам сығындылары сақталатын Natural Product Repository коллекциясын мысалға келтірді.

Жас сарапшылармен кездесуде сонымен қатар тұрақты даму мен экологияның басқа да мәселелері талқыланды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, барлық айтылған ұсыныстар парламентшілердің заң шығару жұмысында және тиісті министрліктің қызметінде ескерілетін болады. Палата Төрағасы сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешуге азаматтарды белсенді тарту маңызды екенін атап өтті.

Экологиялық проблемаларды мемлекеттің қатысуымен ғана шешу мүмкін емес екені анық. Азаматтық сектор, ҮЕҰ, бизнес, жанашыр жандар мен еріктілер тарапынан да белсенді іс-қимыл қажет болады. Халық арасында экологиялық ойлау мен қоршаған ортаға жауапкершілікті дамыту қажет, - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы