Ұлттық банк 200 теңгелік банкнотқа қатысты түсініктеме берді

25 Маусым 2021, 18:37
1779
Бөлісу:
Ұлттық банк 200 теңгелік банкнотқа қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық банкіне тұрғындар тарапынан өтініштер түсіп жатыр. 

Шағым иелері кәсіпкерлердің номиналы 200 теңгелік банкноттарды қабылдаудан бас тартатынын айтады.

ҚҰБ номиналы 200 теңгелік банкноттардың заңды төлем құралы болып қалатынын еске салады. Олар 200 теңгелік монеталармен айналымда қатар жүреді. Ол банкноттарды төлемдердің, банктік операциялар мен аударымдардың барлық түрі бойынша қабылдауға міндетті, - делінген хабарламада.
Бұл банкноттарды банктер мен «Қазпошта» АҚ-ның барлық бөлімшелерінде, сондай-ақ ҚҰБ филиалдарында ұсақтауға да, айырбастауға да болады. Олар табиғи тозығы жеткенде ғана айналымнан алынады. 

Бұл банкноттарды қабылдаудан бас тарту Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.   

Егер сізден номиналы 200 теңгелік купюралар қабылданбаса, онда жақын маңдағы ҚҰБ-тың аумақтық филиалына хабарласу қажет. Бейнежазба жасауға кеңес береміз, болмаса, банкнотты қабылдаудан бас тартқан адамнан  жазбаша негіздеме талап етіңіз, - делінген банк таратқан хабарламада.

Біздің филиалдарымыздың мекен-жайы мен байланыс телефондары ҚҰБ сайтында көрсетілген. Қосымша сұрақтар туындаса,  ҚҰБ-тың байланыс орталығына 1477 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Өзгелердің жаңалығы