​​Үлкен Алматы каналы ресурстарын тиімді пайдалану үшін су тұтыну жоспары жасалады

7 Желтоқсан 2020, 16:08
1972
Бөлісу:
​​Үлкен Алматы каналы ресурстарын тиімді пайдалану үшін су тұтыну жоспары жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының директоры Серікали Мұқатаев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook парақшасындағы тікелей эфирде хабарлады. 

Оның сөзінше, 2020 жылдың вегетациялық кезеңінің қорытындысы бойынша филиал бастамасымен жұмыс тобы құрылып, Үлкен Алматы каналы балансына кірмейтін барлық канал инвентаризациядан өткізілген. 

Үлкен Алматы каналының жалпы ұзындығы 168 км, оның 149 км біздің, қалғаны қалалық әкімдіктің балансында. Өткен вегетациялық кезең ауыл шаруашылығы өндірушілерінің суды егістік деңгейінде нашар басқаратынын көрсетті. Сондықтан вегетациялық кезеңнен кейін біз барлық фермерді, ауылдық өндірістік кооперативтерді суды тиімді пайдалануға шақырдық. Бұдан бөлек жұмыс тобын құрып, барлық каналдардың жағдайын тексеріп, қандай егістік алқабы пайдаланыллмай жатқанын анықтадық. Одан кейін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларына су пайдалану жоспарын белгіледік, - деп атап өтті филиал директоры. 

Су пайдалану жоспарына сәйкес, вегетациялық кезең басталар алдында әр ауыл шаруашылығы өндірушісі үшін белгілі бір уақытқа лимит белгіленеді. Осылайша, фермерлер тиімді жұмсауды негізге ала отырып, жеткілікті көлемде су алады. 

Сонымен бірге барлық егістік алқабының электронды картасы құрылып, қайда қанша су түсіп жатқанын бақылаймыз, - деді Серікали Мұқатаев. 

Оның хабарлауынша, Үлкен Алматы каналы 50 жыл бойы кешенді жөндеуден өтпеген. Бұл мәселені шешу үшін ЭГТРМ мен әкімдіктіктің қолдауымен оны су ресурстарын басқару туралы мемлекеттік бағдарламаға қосуға шешім қабылданған. 

Су ресурстары комитетінің және «Қазсушар» мекемесінің қолдауымен қолдауымен қазір каналды кешенді жөндеуден өткізу мәселесі шешіліп жатыр. Бұдан бөлек, біз министрліктің Су ресурстары комитетімен бірлесіп, апатты жағдайдағы бірнеше учаскені кешенді жөндеуден өткізудің жобасын дайындап жатырмыз. Биыл мемлекеттік экспертизадан өтіп, келер жылы жұмыс басталады, - деді спикер. 

Сұхбат барысында филиал директоры Бартоғай су қоймасы бөгетінің сейсмикалық жағдайларға төтеп беру деңгейін көтеру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да айтты. 

Бартоғай бойынша жобаға су қоймасы нысандарының сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының кешені енгізілді, - деп атап өтті спикер. 

Сонымен бірге Мұқатаев Орталық Азияның делегациясы құрамында Австралияға барған сапарынан алған тәжірибесімен бөлісті. 

2012 жылы Австралияның су ресурстарын басқару бойынша тәжірибесімен танысу үшін елдің бірнеше штатын біріктіретін Мюрен-Дарвин бассейніне бардық. Елде ұзаққа созылған қуаңшылық әсерінен 1994 жылы реформа басталып, Ұлттық су комиссиясы құрылған. Реформаға сәйкес, әр фермерге су пайдалану құқығы берілді. Бұл құқықты олар актив, кепіл зат немесе сату-сатып алу заты ретінде қолдана алған. Бір айта кетері – Австралияда судың 1 текше метрі – 1 доллар тұрады. Ал бізде – 33 тиын. Аталған реформалар Австралияға есептеуіштерден бас тартып, су есебін қашықтан жүргізуге мүмкіндік берді. Автоматизация каналдарды бақылаудың тиімділігін арттырады, - деді филиал басшысы. 

Тікелей эфирде Мұқатаев суару кезеңінде су тапшылығын болдырмай, барлық егістікті толық қамтуға байланысты қабылданған шұғыл шаралар туралы да ақпарат берді. Үлкен Алматы каналы ресурстарын тиімді пайдалану үшін су тұтыну жоспары жасалады. Оның сөзінше, су айналымы енгізіліп, ауыл шаруашылығы алқаптарын су беру кезінде суару нормасы қатаң сақталған. Нәтижесінде барлық егістік алқабы жеткілікті деңгейдегі су көлемімен қамтылды.


Өзгелердің жаңалығы