Ұландықтар 3 сағат бойы өртпен алысты

7 Қыркүйек 2022, 18:04
1105
Бөлісу:
Ұландықтар 3 сағат бойы өртпен алысты

Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығының өрт сөндіру тобының және Төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының күшімен "Ақтан-Берлин" объектісінің бойында өршіген өрт ошақтары жойылды, деп хабарлады BAQ.KZ.

Ілеспе желдің салдарынан өрт аталған объектіге қарай тез тарала бастаған. Бұл туралы Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлім кезекшісіне шұғыл ақпарат түскен. 3514 әскери бөлімінің командирі подполковник Сәкен Нұртаев өртті жою мақсатында әскери бөлімнің жеке құрамын жедел -қызметтік дайындық деңгейінде дабылмен көтерді.

Өртті сөндіру жұмыстарына 180-ге жуық әскери қызметші мен 10 техника жұмылдырылды. 

Тәуліктің қараңғы уақытына қарамастан, әскери бөлімнің жеке құрамы өрт орнына жедел жетіп, кәсіби және ұйымдасқан түрде өртті сөндіруге кірісті. Шамамен 3 сағат ішінде тілсіз жау толық ауыздықталды. Өрттің себептері анықталып жатыр.   

Өзгелердің жаңалығы