Украинаға деп жинаған гуманитарлық көмек қаржысына ешкім қол сұққан жоқ – бастамашыл топ

28 Наурыз 2022, 14:58
1348
Бөлісу:
Украинаға деп жинаған гуманитарлық көмек қаржысына ешкім қол сұққан жоқ – бастамашыл топ
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Украинаға гуманитарлық көмек жинауды қолға алған «Ел болашағы» азаматтық бастамашыл тобы бүгін баспасөз жиынын өткізіп, халықтан түскен қаржыға қол сұқпағандарын мәлімдеді.

Бастамашыл топтың мүшелері Украинаға деп жиналған көмектің барлығы ашық болғанын айтады. Оған қоса ұйымдастырушылық жағынан қолайлы өңірлерді ғана таңдағандарын жеткізді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көмек қаражатын белсенді Рахымбек Әбдірахманов жинаса, Алматы бойынша Тоғжан Қожалиева өз мойнын алған.

Қазір жиналған қаражат мақсатты жұмсалмады деген сөздер шығып жатыр. Онымен келіспеймін, қолымызда құжаттардың барлығы бар. Шек, есептен өзге сатып алуды іске асырған адамдар да бар, яғни сатып алуды волонтерлердің өздері іске асырды. Қаражат аударған адамдардың өзі заттарды сатып алу ісіне қатысты. Олар қаладағы дәріханаларды аралап, төмен бағадағы дәрі-дәрмекті іздеп, осы істің басы-қасында жүрді,-деді ол.

Сонымен қатар ол осы күнге дейін Украинаға 140 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жібергендерін айтты.

Украиналық тараптан кері байланыс бар, олар көмекті алғаны жөнінде есеп пен фотоларын жіберіп тұрады. Оның барлығын біз әлеуметітк желіде жариялап отырмыз, яғни барлығы ашық жүргізілуде,- деді Рахымбек Әбдірахманов.

Алматыдағы штабтың мүшесі Тоғжан Қожаливаның картасына осы уақытқа дейін 95 млн теңге мөлшерінде қаржы аударылыпты.

Менің жеке картамнан бөлек ХАҚ шотына да қаржы аударылды. Алматыдағы штабқа 131 млн теңге түсті. Ал, жалпы 180 млн теңгенің қаржысы түсті. Бізде әр сатып алынған зат бойынша есеп бар. Негізінен дәрі-дәрмек алдық. ЛС-Фарм компаниясы 17 млн теңгенің дәрісін тегін және 25 млн теңгенің дәрісін өз бағасымен түсіріп берді. Өзге ірі компаниялар біздің үндеуімізді қолдаған жоқ,-деді ол.

Қожалиева сондай-ақ каспий голдқа аударылған қаржы бойынша есеп бере алатындарын жеткізді.

Ақша аударған адамдардың аты-жөнін жариялаған жоқпыз. Өйткені кейбір адамдар оған қарсы болды. Егер «ақшам түспей қалды ма» деп күдіктенгендер болса, бізге хабарласа алады. Олардың есімдері есепке енген құжатты көрсете аламыз. Біз гуманитарлық көмекті жинадық, бірақ оны тиеп, жіберу жұмысына қатысқан жоқпыз. Оны елшілік өзі атқарды.  Осы уақытқа дейін 9 рейс жіберілгені туралы елшілік бізге акт жіберді. Өткен сейсенбі күні 10 тоннаның көмегін жібердік,-деді белсенді.

Сонымен қатар ол Украинаға жіберіліп жатқан гуманитарлық көмек айналасында ақпараттық соғыс жүріп жатқанын жеткізді.

Көмекке деп аударылған қаражатқа қол салды дегендер мақсатына жетті. Халықтың көкейінде күдік пайда болды. Сондай сөздер шыққалы ақша аудару мен гуманитарлық көмек әкелетін адамдар қарасы азайып кетті. Бұл өкінішті, өйткені соғыс жүріп жатқан жерге біздің көмегіміз өте қажет,-деді ол. 
 

Өзгелердің жаңалығы