Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин хабарлады. Айта кететін жайт, отырыста Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді даму жоспары талқыға түсті.
Маңғыстау облысы – даму әлеуеті жоғары өңір. Кешенді жоспарды іске асыру – облыстың дамуына жаңа серпін береді. Кешенді жоспар іске асырылатын 5 жылда 2,1 трлн теңге сомасына 214 іс-шара орындалады, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Айта кететін жайт, аталған кезеңде өңір экономикасы 32 пайызға өсетін көрінеді. Сонымен қатар алдағы жылдар ішінде мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, көлік пен логистиканы және тағы да басқа салаларды дамыту негізгі міндетке айналады.
Осыған байланысты, Кешенді жоспарды сапалы іске асыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Осы Кешенді жоспардың жобасын мақұлдаймыз. Ұлттық экономика министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жоспар іс-шараларының уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін, - деді Үкімет басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау өңірі 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетіні туралы жазған болатынбыз.