Үкіметте ішкі нарықты жанармаймен қамту мәселесі талқыланды

3 Мамыр 2022, 20:00
1388
Бөлісу:
Үкіметте ішкі нарықты жанармаймен қамту мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов жанар-жағармай материалдарын өндіру және бөлу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 

Бұл туралы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тиісті ұсыныстарды Энергетика министрлігі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЖЖМ нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әзірледі.

Баяндама жасаған энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарыққа мұнай жеткізу және мұнай өнімдерін өткізу схемаларын қайта қарауды көздейтін заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды.

Түзетулер мұнайды тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың, олардың еншілес маркетингтік құрылымдарының өздерінің өңдеуге жеткізуін, сондай-ақ мұнайды МӨЗ-дің сатып алуын көздейді. Мұнай өнімдерін өткізу саласында өнімсіз делдалдарды шеттету ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Мәселен, осындай отын көлемінің мақсатты бөлінуін бақылау үшін аумақтық бөліністе АШТӨ-нің деректер базасын құру және отын бөлудің электрондық-ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар энергетика министрі елден жанар-жағар май ағынын шектеу бойынша ұсынылған шараларды атап өтті. Атап айтқанда, автокөлікпен ЖЖМ шығаруға салынған тыйымды ұзарту және рұқсатсыз шығаруға жауапкершілікті күшейту мәселесі қарастырылып жатыр.

Кеңесті қорытындылай келе, Үкімет басшысы ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, Энергетика министрлігіне оларды барлық мүдделі тараптармен бірге пысықтауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы