Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жылдың 5 қаңтарда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай бойынша кеңесте берген тапсырмаларына сәйкес Үкімет бірқатар жедел шешімді қабылдады.
Премьер-министр ресми сайтының мәліметінше, Қазақстан аумағында АЖС-да автокөліктерге арналған сұйытылған мұнай газының бөлшек саудасына 180 күнге шекті бағалар белгіленді:
- Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – литріне 50 теңге ( 200 км асатын шалғай аудандар үшін – литріне 55 теңге);
- Шымкент қ., Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында – литріне 60 теңге (200 км асатын шалғай аудандар үшін - литріне 65 теңге);
- Алматы қаласы – литріне 65 теңге;
- Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 70 теңге ( 200 км асатын шалғай аудандарда – литріне 75 теңге);
Сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдары арқылы сатуға толықтай ауысу бір жылға кейін шегерілді.
- Бензин мен дизель отынын сатуға уақытша 180 күнге бағаны мемлекеттік реттеу енгізілді.
Бензиннің қосымша құн салығын есепке ала отырып бөлшек саудасына келесідей шекті бағалар белгіленді:
- АИ-80 маркалы – литріне 89 теңге;
- АИ-92 маркалы – литріне 182 теңге;
- АИ-93 маркалы – литріне 182 теңге;
- АИ-95 маркалы – литріне 215 теңге.
Дизель отынының (жазғы, маусымаралық) ҚҚС ескере отырып, бөлшек саудасына шекті бағалар өңірге байланысты белгіленді:
- Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 260 теңге;
- Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында – литріне 230 теңге.
- Жаңаөзен қ. жаңадан газ өңдеу зауытының құрылысына дайындық жұмыстары жеделдетілді.
- Таяу уақытта реттелетін коммуналдық қызметтерге: сумен қамтамасыз ету, сарқынды суларды бұру, жылумен қамтамасыз ету, газбен қамтамасыз ету және электрмен қамтамасыз етуге тарифтердің көтерілуіне 180 күнге уақытша мараторий енгізілетін болады.
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, оның ішінде сиыр, қой еті, картоп және сәбізге бағаларды тұрақтандыру мақсатында ірі қара мен ұсақ малдарды 6 айға, картоп пен сәбізді 3 айға шетелге шығаруға тыйым салынды.