ҚР Үкіметінің резервінен тыңайтқыштарды (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау үшін 48,4 млрд теңге бөлінді. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаулы Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2024-2028 жылдарға 2 есеге ұлғайту және топыраққа минералды тыңайтқыштарды енгізу деңгейін ғылыми негізделген қажеттіліктің 50%-на дейін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде қабылданды.
Құжат резервінен тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне қаражат аударуын көздейді.
Бірінші кезекте, қаражаттың негізгі көлемі минералды тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігін іске асыруға бағытталған.
Өткен жылдың наурыз айында АӨК-ні қолдау шеңберінде тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілгені белгілі. Бұл ретте бюджеттік субсидиялар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған тыңайтқыштарды жеткізу үшін отандық зауыттардың арнайы шоттарына алдын ала аударылады.
Қабылданған шаралар есебінен алғаш рет тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми негізделген қажеттіліктің 40%-на жетті (2024 жылға дейін 21%-дан аспаған).
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық кезеңінде Үкіметтің уақтылы қаржылық қолдауы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тыңайтқыштармен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде жоғары әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді.