Үкімет Степногорск қаласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады

10 Тамыз 2023, 10:04
581
Бөлісу:
Үкімет Степногорск қаласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады
Фото: Үкімет

Ақмола облысының индустриялық орталығы Степногорск қаласы жаңа серпінмен одан әрі дамымақ. ҚР Үкіметі қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоспар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді және әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі мәселелерін шешуге, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Құжатта денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғырту, экономиканың нақты секторын, өнеркәсіпті, АӨК, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамту, т. б. бойынша 83 шара көрсетілген.

2027 жылға дейін Жоспарды іске асыруға шамамен 107 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде 62 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен болмақ.

Шығындардың басым бөлігіне (58,3 млрд теңге) тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту және тозуын азайту (23 жоба) қарастырылған. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай қалада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 550 млрд теңге деңгейінде қамтамасыз етілсе, өңдеуші сектор өнімі кемінде 70% болмақ. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10%-ға артады.

Құжатта жұмыспен қамту мәселесі, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға және кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінген. Денсаулық сақтау саласында медициналық колледж ашу арқылы кадрлық әлеуетті арттыру жоспарланған. Сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтің жақсаруына орталық қалалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу және техникалық жабдықтау әсер етпек.

Сонымен қатар экологиялық проблемаларды шешу шаралары жоспарланған. Атап айтқанда, атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту (9,8 мың тоннаға дейін), өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау бойынша міндеттемелерін орындауда жауапкершілігін арттыру шаралары бар.

Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін белгіленген мерзімге дейін 74%-дан 90%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Еске салайық, Степногорск қаласы мен оған іргелес аймақтардың аумағы 290 мың гектардан астам, халық саны – 68,5 мың адам. Қаланың әкімшілігіне бір ауылдық округ және 9 елді мекен – 4 кент, 5 ауыл кіреді. Өнеркәсіп саласы қала экономикасының драйвері болып табылады. Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісіндегі Степногорск қаласының үлесі – 25,3%.

Өзгелердің жаңалығы