Үкімет мектептердегі жемқорлықпен қалай күреседі

16 Сәуір 2024, 15:50
580
Бөлісу:
Үкімет мектептердегі жемқорлықпен қалай күреседі
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы білім саласындағы жемқорлық жайлы айтып, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZтілшісі.

Үкімет депутаттардың орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыру мәселелеріне қатысты сауалына ресми жауабын берді.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, функцияларды аудандық деңгейден облыстық деңгейге ауыстыру арқылы білім беру саласын қаржыландыру вертикалын өзгерту Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасын орындау шеңберінде жүргізілді.

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің бірлескен алқасында мақұлданған «Барлығына қолжетімді сапалы білім беру» ұлттық баяндамасы шеңберінде білім беру саласын қаржыландыру моделін өзгерту көзделеді. Мәселен, облыс әкіміне тек МЖМБС (мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын) іске асыруға байланысты шығындарды қаржыландыруды бекіту ұсынылады. Инфрақұрылыммен, көлік құралдарымен қамтамасыз ету, оқу ғимараттарын салу және оларға қызмет көрсету, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік аудандық (қалалық) әкімдіктердің құзыретінде болуға тиіс. Қазіргі уақытта бұл модель Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының төрт ауданында сынақтан өтіп жатыр, - деді вице-премьер.

Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша, сондай-ақ Ұлттық баяндамада қойылған міндеттерді ескере отырып, биылдың мамыр айының соңына дейін білім беруді дамытудың салалық тұжырымдамасына тиісті өзгерістер енгізіледі.

Бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процестеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында Үкімет сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және бюджет қаражатын ұрлауды болдырмауға бағытталған әлеуметтік саланы және көрсетілетін қызметтерді цифрлық трансформациялау жөніндегі шаралар кешенін қабылдауда, оның ішінде білім беру саласында да.

Бірінші. Балабақшаға кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы әзірленді, ол процесті цифрлық форматта өтінім мәртебесінен, балабақшаны таңдаудан, шарт жасасудан бастап баланың балабақшаға барғанын растауға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл алгоритм мектепке дейінгі ұйымдарға орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз етуге, мектепке дейінгі ұйымдарға қос кезекті және ілеспе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған, - делінген ресми жауапта.

Қазіргі уақытта платформаны сынақтан өткізу шеңберінде пилоттық режимде 1 279 бала қабылданды, 1 801 бала қабылдау рәсімінен өтіп жатыр (Жамбыл, Қызылорда облыстары, Атырау қаласы, Петропавл қаласы, Шымкент қаласы, Қарағанды облысы Шахтинск қаласы және Павлодар облысының 8 ауданы).

Екінші. «Бақыланбайтын шығыстар» тәуекелдерін барынша азайтуға және төлем алушылар тізілімімен айла-шарғы жасауды, сомаларды кешіктіріп немесе асыра/төмендете отырып, төлемдерді тағайындауды, көрсетілмеген қызметтер үшін ақы төлеуді болдырмауға мүмкіндік беретін бірыңғай бұлтты платформа құра отырып, бұлтты есепке алу жүйесіне (бірыңғай есепке алу саясаты) толық көшу.

Үшінші. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп Жол картасы іске асырылуда, оның шеңберінде Ұлттық білім беру деректер базасының ақпараттық платформасында «Педагог профилі» жаңа модулі әзірленді. 

Сондай-ақ білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ететін «Тарифтеу» модулін құру көзделген.

Өзгелердің жаңалығы