Биыл елімізде 947 мың адам жұмысқа орналасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді.
Өңір әкімдері Өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекіткен болатын.
Биыл жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлы көрсеткіш – 947 мың адам. Жергілікті жұмыспен қамту органдары «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша субсидияланатын жұмыс орындары аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Жұмыс берушіге адамдарды жұмысқа қабылдау тиімді болады. Өйткені, ол үшін жергілікті бюджеттен субсидия алады. Жыл басынан бері жұмыс күші тапшы өңірлерге басқа өңірлерден 1300-ден астам отбасы көшірілді. Бұл – жақсы көрсеткіш, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Айтуынша, көшіп келушілердің жаңа жерде тұрақтап қалуға мүдделі болуы үшін олардың бейімделуіне көбірек көңіл бөлу қажет.
1 шілдеден бастап өңірлерде Еңбек ұтқырлығы орталықтары жұмыс істей бастады. Бүкіл республика бойынша жұмыс орындарының бірыңғай базасы құрылуда. Бұл азаматтардың тек қала немесе аудан шегінде ғана емес, сондай-ақ өз облысында немесе одан тысқары жерлердегі бос жұмыс орындарына жұмысқа тұруына мүмкіндік береді, - деді Әлихан Смайылов.