Үкімет басшысы жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілін әзірлеуді тапсырды

11 Қазан 2022, 11:58
1394
Бөлісу:
Үкімет басшысы жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілін әзірлеуді тапсырды

Жұмыспен қамту сервистерінің барлығын цифрландыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрақты жұмысы бар адамның   тұрмысы да түзу болады. Еңбек нарығында   қандай мамандыққа сұраныс көп, соған сәйкес жұмыс жүргізу қажет. Аса маңызды мәселе –халықтың әлеуметтік осал топтарын   жұмыспен қамту. Ол үшін  кәсіпкерлерге жағдай жасау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша   мемлекеттік органдар мен   барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы   жаңа жұмыс орындарын құру бойынша   KPI көрсеткіші негізінде бағаланатын болады. Биыл Ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде   269 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы тиіс. Қазіргі уақытта  203 мыңнан астам адам   жұмысқа орналасты. Бірақ олардың 175 мыңы –   уақытша жұмыс. Біз тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге күш салуымыз керек. Ол үшін цифрлық технологияларға сүйену маңызды, – деді Премьер-министр Үкімет отырысында.

Айтуынша, мемлекеттік органдардың жүйелерін толық интеграциялай отырып,  жұмыспен қамту сервистерінің барлығын цифрландыру қажет.

Отбасының цифрлық картасы, электронды еңбек биржасы мен жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасын біріктіргеннен кейін, жұмыссыз жүргендерге электронды хабарламалар арқылы вакансиялар ұсынуға болады. Жұмыссыздарға  өтініш жазбай-ақ   бос жұмыс орындарын ұсыну маңызды. Мұндай қызметтерді   смартфон арқылы қолжетімді ету қажет. Жастарды жұмыспен қамтудың   жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге   ерекше назар аудару керек. Жыл сайын  еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Олардың жұмыс тәжірибесі жоқ, сондықтан   жастарға бірінші кезекте   жұмысқа орналасуға көмектесу керек, – деді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы