Премьер-министр Әлихан Смайылов елдегі жанар-жағармай бағасының көтерілуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше Энергетика министрлігі дизель отыны мен бензин бағасының көтеру бойынша тиісті шешім жобасын жариялады. Бұл оңай шешім емес. Осындай шешімді қабылдауға біз мәжбүр болдық. Егер қазір мұнай өнімдерінің бағаларын қайта қарамасақ, онда жақын арада біз сол мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз, - деп атап өтті Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айтуынша, елімізде бензин мен дизель отынын тұтыну деңгейі өте жоғары.
Жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді. Ал Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр немесе 8 есе төмен. Сонымен қатар тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді. Мұндай жағдай жанар-жағармайдың көрші елдерге транзиттік көлікпен және «сұр» экспорт ретінде шығарылуымен байланысты. Сонымен бірге экономиканың негізгі салаларында жанармайдың тұтыну деңгейі айтарлықтай өзгерген жоқ, - деді Үкімет басшысы.