Үкімет басшысы: Вегетациялық кезеңнің жақсы өтуі елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді
24 Мамыр, 11:15 389

Үкімет басшысы: Вегетациялық кезеңнің жақсы өтуі елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Вегетациялық кезеңнің жақсы өтуі алдағы маусымдағы егістің өнімді болуына ғана емес, түптеп келгенде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Қазақстандағы 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі бастауын трансшекаралық өзендерден алады. Яғни өзен суларының тең жартысына жуығы бізге сырттан келеді. Сарапшылар 2040 жылға қарай елімізде суды тұтыну көлемі 56%-ға өседі деп болжап отыр. Су тапшылығы   жылына  12 текше километрге дейін жетуі мүмкін, - деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ ол оның үстіне республикадағы өзендердің тартылып бара жатқанын алға тартты.  

Бұл алдағы уақытта еліміздің оңтүстік өңірлері су тапшылығының зардабын тартуы мүмкін дегенді білдіреді. Сондықтан суды тиімді пайдалану   өте өзекті мәселе болып отыр. Ауыл шаруашылығына арналған судың небары 60%-ы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан   каналдар мен су қоймаларын жөндеп,   су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, су шаруашылығы объектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс, - деді Үкімет басшысы. 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...