Үкімет басшысы: Өнеркәсіп саласында Ұлытаудың әлеуеті зор

1 Қараша 2022, 11:24
1005
Бөлісу:
Үкімет басшысы: Өнеркәсіп саласында Ұлытаудың әлеуеті зор

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау саласын дамыту бағытында Ұлытаудың әлеуеті өте зор. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші кәсіпорын Ұлытау жерінде орналасқан. Өңір тұрғындарының үштен бірі осы өндірісте жұмыс істейді. Кешенді жоспарды орындау жаңа облыстың дамуына айтарлықтай серпін береді және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ ол өзекті проблемалардың шешілетінін айтты. 

Сонымен қатар тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту бойынша жобалар іске асырылып, экологиялық проблемалар шешілетін болады. Металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға ерекше назар аударылады. Жеке инвестициялар есебінен орташа қуатты мұнай өңдеу зауыты, биоэлектр станциясы мен    химия зауыты салынады. Энергетика саласында №2 Жезқазған жылу электр станциясын салу және Сәтбаев қаласында №1 жылу станциясын жаңғырту көзделіп отыр, - деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Жезқазғанда көтерме-тарату орталығы,  3 қонақ үй кешені, демалыс үйі бой көтеретінін алға тартты.  

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Табысқа жету жолы» атты бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламалары әзірленеді. Ең бастысы, 2026 жылға дейін 9,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Кешенді жоспарда бірқатар өте маңызды іс-шаралар қамтылған. Біз бұл құжатты мақұлдаймыз, - деді ол. 

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспардағы барлық іс-шараларды уақытында орындауды тапсырды. 

Өзгелердің жаңалығы