Үкімет жасанды интеллектіні ұлттық деңгейде енгізуге кірісті

ЖИ жобалары біріктіріліп, экономикада нақты болжам жасауға жол ашылады.

 Үкімет баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 12:20
Бүгiн 2026, 12:20
179
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Қазақстанда жасанды интеллектіні жүйелі енгізу мәселесі Үкімет деңгейінде көтерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет.

Бұл алдымыздағы мақсат-міндеттердің ауқымын айқындап,  сапалы үйлестіруді қамтамасыз етеді және жобалардың қайталануын болдырмауға, ресурстарды тиімді жұмсауға ықпал етеді. Сондай-ақ мына мәселелерді атап өткім келеді. Қазіргі сын-қатерлер әлеуметтік-экономикалық даму барысын жоспарлаудың неғұрлым нақты құралдарына көшуді талап етеді. Жасанды интеллект үлкен деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға және барынша нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді, - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ ол мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігін арттыратынын алға тартты.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, экономикалық үдерістердің дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетігін енгізуі қажет. Кәсіпорындардың көпшілігіне, әсіресе шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект күрделі әрі қол жеткізе алмайтын құрал болып отыр. Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына серпін беріп, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындайды, - дейді Премьер-министр.

Мәлімдеуінше, қазір заңнамада жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау қажеттілігі көзделген.

Жасанды интеллект министрлігіне үшінші тараптар мен жүйелердің дербес деректерге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу, сондай-ақ зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды қорғау мақсатында тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын. «Digital Qazaqstan»  стратегиясының жобасы елімізде түбегейлі цифрлық өзгерістерді қамтамасыз етіп, экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізуге бағытталғанын атап өтемін, - деді Үкімет басшысы. 

Наверх