Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Мемлекет басшысы бизнеске қойылатын талаптарды азайту үшін бұл саланы реттеу жүйесін қайта қарауды тапсырған болатын. Қазіргі кезде мұндай талаптардың 40%-ы жаңа тәсілдерге сәйкес келмейді. Сондықтан оларды тоқтату керек. Қажетті шешімдер қабылданды. Тиісті Заңға қол қойылды. Енді оны іске асыру қажет.
Бизнес шамадан тыс әкімшілік жүктеменің азайғанын сезіне бастауы тиіс, - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ол үшін Міндетті талаптар реестрін жасауымыз қажет.
Реттеу жүйесін өзгерту – бизнес саласын тиімді реформалауға және оны дамытуға жаңа серпін береді. Осыған байланысты келесі тапсырмаларды беремін. Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, реттеудің жаңа тәсілдеріне сәйкес Міндетті талаптар реестрін құрудың кестесін бекітсін. Қаржы министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп «Әділет» ақпараттық жүйесі базасында Реестрді құруға қаражат қарастырсын, - деді ҚР Премьер-министр.
Сонымен қатар ол қабылданған заңға сәйкес бұрынғы реттеушілік актілердің жаңа тәсілдерге сәйкестігін бағалау қажет екенін айтты. Үкімет басшысы барлық мүдделі мемлекеттік органдарға мұндай актілерді 1 шілдеге дейін қайта қарауды тапсырады.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов өз баяндамасында Мемлекеттік бақылау және бизнестің есеп беружүйесін автоматтандыру қажет екенін атап өтті.
Цифрлық даму және Ұлттық экономика министрліктеріне Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетімен бірге осы жүйені автоматтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді ол.