Үкімет басшысы: Баспасөзге оңтайлы жағдай жасау – маңызды мәселе

28 Маусым 2022, 11:10
1339
Бөлісу:
Үкімет басшысы: Баспасөзге оңтайлы жағдай жасау – маңызды мәселе

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. 

Қоғамдық пікірді қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Сондықтан мемлекет пен халық арасындағы тиімді байланыс құралы болуы үшін баспасөзге оңтайлы жағдай жасау – маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және тәуелсіз болуы тиіс екенін атап көрсетті. Осыған байланысты әзірленіп жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдістерін ескеруі тиіс, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Айтуынша, заң жобасындағы жаңалықтарды үкіметтік емес ұйымдарды, жұртшылықты, сарапшылар мен журналистері қатыстыра отырып, кеңінен талқылауға шығару қажет.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне заң жобасын әзірлеу жұмысын жалғастырып, құжатты осы жылдың соңына дейін Парламент қарауына енгізуді тапсырамын. Бұл ретте, «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру үшін ашық ақпараттық кеңістікті дұрыс пайдаланып, әлеуметтік желілер мен блогосфераның рөлін ескеру  маңызды екенін түсінуіміз керек. Қоғамдық бақылау функциясын орындай отырып, журналистер биліктің барлық тармақтары жұмысының тиімділігін арттыра алады, - деді Әлихан Смайылов. 

Өзгелердің жаңалығы