Үкімет Ақтау қаласының магистральды жылу желілерін реконструкциялауға қаражат бөлді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжат Ақтау қаласының магистральды жылу желілерін реконструкциялау жобасын іске асыру үшін 5 млрд теңгені Маңғыстау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аударуды қарастырады.
Атап айтқанда, бұл қаражат жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды ескере отырып, жұмыстың жалпы құнының 10% мөлшерінде автомобиль жолының ең тозығы жеткен ұзындығы 11,5 км учаскесін реконструкциялауға бағытталатын болады.
Бұған дейін мердігер ұйымның қаражаты есебінен шамамен 11,5 шақырым жылу желісі тартылған болатын. Жалпы 2024-2026 жылдары аралығында тозу деңгейі 75%-дан асатын 44 шақырым магистральды жылу құбырын кезең-кезеңімен ауыстыру қажет. Айта кету керек, Ақтау қаласының жылу желілерінің негізгі бөлігі 1962 жылдан бері қолданыста.
Қабылданған шаралар нәтижесінде желілердің тозуы төмендетіліп, тұрғындарға сапалы коммуналдық қызметтер көрсетуге және жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.