Угандада Эбола вирусының таралуы алаңдаушылық туғызып отыр. Елде індет жұқтырғандардың жаңа жағдайлары тіркеліп, мамандар инфекцияның ел ішінде тарала бастауы мүмкін екенін айтып жатыр.
Бұл туралы Уганда Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, вирус жұқтырғандардың арасында Уганда азаматтары саналатын жүргізуші мен медицина қызметкері, сондай-ақ көршілес Конго Демократиялық Республикасынан келген әйел бар. Екі науқас Эболаға шалдыққан адамдармен байланыста болғандарды тексеру кезінде анықталған.
Мамандар соңғы үш апта ішінде елден шықпаған екі угандалықтан вирус анықталуы инфекцияның Уганда аумағында тарала бастағанын көрсетуі мүмкін екенін айтады.
Бұған дейін Уганда билігі Кампала қаласындағы ауруханада Конго Демократиялық Республикасының азаматы Эболадан көз жұмғанын хабарлаған еді. Ол індеттің негізгі ошағы саналып отырған Конгоның Итури провинциясынан келген. Аталған өңір Угандамен шектеседі.
Ал Эбола жұқтырды делінген тағы бір Конго азаматына қатысты жағдай әзірге нақты емес. Қайта алынған талдаулар оның қанынан вирусты анықтамаған. Сондықтан бұл адамның сауығып кеткені ме, әлде бастапқы диагноз қате қойылғаны ма – әзірге белгісіз.
Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда 15 мамыр күні өз аумақтарында Эбола індетінің таралғанын ресми түрде жариялаған болатын. Ауруға 2007 жылдың күзінде алғаш рет Угандада анықталған Эбола-Бундибугио вирусы себеп болып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегіне сәйкес, қазіргі індет кезінде 177 адам қайтыс болып, тағы 750-ге жуық адамнан Эбола вирусы анықталуы мүмкін деген күдік тіркелген.