UEFA EURO 2020 ойындарын отандық телеарналардан 2,5 млн қазақстандық тамашалаған

14 Шілде 2021, 11:55
1152
Бөлісу:
UEFA EURO 2020 ойындарын отандық телеарналардан 2,5 млн қазақстандық тамашалаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Футболдан UEFA EURO 2020 турнирін бір ай бойы отандық телеарналардан 2,5 миллион қазақстандық тамашалаған.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы TNS Central Asia зерттеу компаниясының деректеріне сүйене отырып, футбол матчтарын телеарналар арқылы тамашалаған көрермендер санын жариялады. 

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарындағы 51 ойынның жалпы көрермендер саны 2 486 184 мың адамды құрады. Оның ішінде ең көп көрермен жинаған TOP-5 матчтың қатарында Англия – Германия, Португалия – Германия, Хорватия – Испания, Уэльс – Дания, Дания – Бельгия арасындағы кездесулер тұр. Бес ойынның жалпы жанкүйерлер саны 885 460 адамды құраған. 

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының ресми сайты және Qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы ең көп қаралған матчтар бестігін Италия-Англия арасындағы ойын бастап тұр. Финалдық матчты 281 339  көрермен онлайн тамашалаған. 

Сайт және мобильді қосымша арқылы ең көп қаралымға ие болған ойындардың келесі төрттігі: 

Венгрия – Португалия (155 483 көрермен);

Түркия – Италия (131 590 көрермен);

Франция – Германия (114 374 көрермен);

Бельгия – Ресей (103 764 көрермен).

TNS Central Asia компаниясының зерттеулері 100 мыңнан көп тұрғыны бар қалалар арасында жүргізілетінін еске саламыз. UEFA EURO 2020 ойындарын Қазақстан аумағында көрсету құқығын тек «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары иеленді.



Өзгелердің жаңалығы