Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Чемпиондар лигасы топтық кезеңі екінші турының сегіз ойыны өтті. Аталған топтық матчтарда күтпеген сенсациялар тіркелді.
Молдовалық «Шериф» Мадридте өткен ойында «Реалды» 2:1 есебімен ұтты. Жеңімпаздар сапынан Джасурбек Яхшибоев (25-минут) және Себастьян Тилль (90) гол салды. Алаң иелерінен Карим Бензема (65-минут, пенальтиден) допты қақпаға дәл бағыттай алды. Осылайша, бұл турнир дебютанты алты ұпаймен топта көш бастады. «Реал Мадрид» командасының өз алаңында жеңіліп қалғанын жанкүйерлер сенсация ретінде бағалап отыр.
Айта кетейік, молдовалық клуб турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұдан бұрын олар өз алаңында Украинаның «Шахтерінен» 2:0 есебімен басым түскен болатын.
Сонымен қатар аталған топта «Шахтер» (Украина) мен «Интер» (Италия) 0:0 есебіне қанағат білдірді.
А тобында «Пари Сен-Жермен» (Франция) өз алаңында «Манчестер Сити» (Англия) командасын 2:0 есебімен жеңсе, «Лейпциг» (Германия) Бельгияның «Брюггесіне» 1:2 есебімен жол берді.
В тобында өз алаңында «Милан» (Италия) клубы «Атлетико Мадрид» (Испания) командасынан 1:2 есебімен жеңілсе, «Порту» (Португалия) «Ливерпуль» (Англия) клубына 1:5 есебімен есе жіберді.
С тобында «Аякс» (Нилерланды) өз алаңында «Бешикташ» (Түркия) командасын 2:0, «Боруссия Дортмунд» (Германия) «Спортинг» (Португалия) клубын 1:0 есебімен жеңді.