Учаскелік полиция пәтерлерді тексереді – ІІМ

6 Қыркүйек 2021, 13:16
7062
Бөлісу:
Учаскелік полиция пәтерлерді тексереді – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз дәстүрлі брифинг барысында айтты.

Қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша проблемалық мәселелерді зерделеу, қызмет көрсетілетін учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту үшін әкімшілік учаске тұрғындарын барынша қамтуға бағытталған «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Іс-шара 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін созылады, - деді Ораз.

Нұрділдә Ораз айтқандай, учаскелік полиция инспекторлары аула мен пәтерлерді аралайтынын айтты.

Учаскелік полиция инспекторлары операция кезінде өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерде халықпен танысу, сондай-ақ әртүрлі құқық бұзушылықтарға жол берген адамдарды анықтау және ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтарды тексеру үшін аулаларды және пәтерлерді аралап шығады, - деді Нұрділдә Ораз.

Сондай-ақ ол жалға берілетін пәтерлер, базарлар және басқа да сауда орындары, тұрмысы нашар отбасылар, қоғамға жат іс-әрекеттер мен қадағалаусыз қалу фактілерінің жолын кесу үшін жастар мен кәмелетке толмағандардың шоғырлану орындары, сондай-ақ азаматтық қару иелері мен шетелдіктер тексерілетінін айтты.

Полиция саяжай, құрылыс нысандарын, оның ішінде тоқтатылған және қараусыз қалған, шатыр және жертөле үй-жайларын тексереді. Ауылдық жерлерде негізгі күш-жігер қыстауларды тексеруге және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтауға, шетелдік азаматтарды заңсыз пайдалану фактілерін, тіркелмеген қаруды және басқа да тыйым салынған заттарды сақтауға бағытталған. Учаскелік полиция инспекторлары жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылық өкілдерімен проблемалық мәселелерді зерделеу және шешу үшін халықпен кездесулер өткізеді, - деп түйіндеді ол.


Өзгелердің жаңалығы