ҰБТ: Сабақтан тыс уақытта оқушыларды жеке оқыту ұйымдастырылады

12 Наурыз 2021, 11:17
1754
Бөлісу:
ҰБТ: Сабақтан тыс уақытта оқушыларды жеке оқыту ұйымдастырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өтіп жатқан онлайн брифингте қалалық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Имангазинова айтты.

Оның айтуынша, коронавирус жұқтырған 1-2 жағдай анықталса, сынып жабылады, ал егер 3 немесе одан да көп жағдай тіркелсе, мектеп толығымен жабылып, балалар қашықтан оқыту жүйесіне көшіріледі.

Мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналардың өздері қабылдайды. Оқушыларға мектеп еркін және ұқыпты киім киюге рұқсат береді. Көптеген ата-ананы мектеп бітіруші түлектердің қорытынды аттестаттауда ҰБТ мәселесі толғандыратыны белгілі. Осыған байланысты мектептерде сабақтан тыс уақытта 15 баладан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқыту ұйымдастырылған. Сонымен қатар білім алушылардың білімін толықтыру бойынша ЖОО, колледждермен ынтымақтастық туралы кешенді жоспар әзірленді. ЖОО – Еуразия Ұлттық университеті, Қазақ агро-техникалық университеті базасында онлайн платформа жұмыс істейді. Онда оқушылар  математика, физика, химия пәндері бойынша қосымша сабақ алуына мүмкіндік жасалған, - деді ол.

Римма Имангазинова мұғалімдер мен оқушылар үшін маңызды мәселелердің бірі – 20 наурыздан 31 наурызға дейін созылатын каникул болып отырғанын айтты.

Каникул «Қазақстан балалары: көктемгі тамшы» ұранымен өтеді. Каникул кезінде оқушылардың уақытын пайдалы және белсенді ұйымдастыру үшін онлайн режимде өтетін іс-шаралар жоспары әзірленді. Сонымен қатар, елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ата-аналардан санитарлық нормаларды мұқият сақтауды сұраймыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы