ҰБТ-да 283 ереже бұзушылық анықталды: Нәтиже мен гранттан айырылуыңыз мүмкін

ҰБТ басталғалы 283 ереже бұзушылық тіркелді. Тексеріс тестілеуден кейін де жалғасады, ал заң бұзғандар нәтижесі мен грантынан айырылуы мүмкін.

Бүгiн 2026, 18:03
АВТОР
 gov.kz Бүгiн 2026, 18:03
Бүгiн 2026, 18:03
122
Фото: gov.kz

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері 283 ереже бұзушылық анықталды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының комплаенс-офицері Ғалымжан Мұхамедьяров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ҰБТ – әрбір түлек пен оның отбасы үшін маңызды кезең. Сондықтан тестілеудің әділ өтуін қамтамасыз ету және адал қатысушылардың құқығын қорғау басты міндеттердің бірі болып қала береді.

ҰБТ-да қандай бақылау шаралары қолданылады?

Биыл тестілеу қауіпсіздігін күшейту үшін бірнеше деңгейлі бақылау жүйесі енгізілген.

Кіреберісте металл іздегіштер мен тұлғаны сәйкестендірудің Face ID жүйесі жұмыс істейді. Бұл бөгде адамдардың тестілеуге кіруіне және тыйым салынған заттарды алып өтуіне жол бермейді.

Тестілеу аудиторияларында үздіксіз бейнебақылау жүргізіледі. Барлық процесс ел бойынша бір мезетте Ахуалдық орталықтан бақыланады.

Сонымен қатар жүйе сыртқы ортамен байланысты шектейтін арнайы қорғалған режимде жұмыс істейді. Ереже бұзу немесе жүйеге араласу әрекеттерінің барлығы тіркеліп, тексеріледі.

168 адам тестілеуге кіргізілмеген

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, анықталған 283 құқық бұзушылықтың ішінде 168 талапкер тестілеу пунктіне кірер кезде бақылаудан өте алмағандықтан ҰБТ-ға жіберілмеген.

Тағы 115 қатысушы тестілеу барысында ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған.

Сонымен бірге бүгінгі күнге дейін басқа адамның орнына тест тапсыру фактілері тіркелмеген.

ҰБТ аяқталғаннан кейін де тексеріс жалғасады

Ғалымжан Мұхамедьяровтың айтуынша, бақылау тестілеу аяқталғаннан кейін де тоқтамайды.

Барлық бейнежазба алты ай бойы қосымша талдаудан өтеді. Егер осы кезеңде қандай да бір ереже бұзушылық анықталса, талапкердің нәтижесі жойылады.

Бұл талап мемлекеттік білім гранты тағайындалып қойған жағдайларға да қатысты. Яғни заң бұзушылық кейін анықталса, грант кері қайтарылуы мүмкін.

Ереже бұзған қызметкерлер де жауапқа тартылады

Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлермен қатар өз қызметкерлерінің де әрекеттерін бақылап отырады.

Заңсыз көмек көрсеткен немесе тестілеу тәртібін бұзған қызметкерлерге қатаң шара қолданылады. Қажет болған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.

Комплаенс-офицер азаматтарды ҰБТ өткізу кезінде қандай да бір заңбұзушылық фактісі туралы білсе, Ұлттық тестілеу орталығының комплаенс қызметіне хабарлауға шақырды.

Біздің мақсатымыз – тек емтихан өткізу емес, қоғамның, ата-аналар мен талапкерлердің сенімін сақтау. Әділ емтихан – балаларымыздың жарқын болашағының кепілі, – деді Ғалымжан Мұхамедьяров.

Ол барлық талапкерлерге сәттілік тілеп, тек өз біліміне сенуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін ҰБТ-2026 қалай өтіп жатқанын жазған болатынбыз. 

Тағы оқи отырыңыз: Смарткөзілдірік пен микроқұлаққап: ҰБТ-2026-да жүздеген ереже бұзушылық анықталды 

ҰБТ нәтижелері қайта тексеріле ме? Министр жоғары балл жинаған талапкерлер туралы айтты

Министр Үкіметте журналистерден сүйінші сұрады

Наверх