Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов ОКҚ-да өткен брифингте су тасқыны болған өңірлердің талапкерлері ҰБТ-ны 25 мамырдан бастап тапсыра алатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол атап өткендей, су тасқыны болған өңірлерде ҰБТ 25 мамырдан басталады.
Су тасқыны болған өңірлерде балаларға қандай жеңілдік болатынын бұған дейін министрлік айтты. Ең бірінші тіркеу мерзіміне байланысты. Екіншіден, оларға (талапкерлерге – ред.) қажет болса, ҰБТ-ға қосымша дайындалуға 12 шілдеге дейін уақыт беріп отырмыз. Сонымен қатар тестілеуге қатысатын балаларымыз қаңтар мен наурыз айларында ҰБТ тапсырды. Енді қазір олар тапсырған ҰБТ-дан төмен балл алып қалса, онда қаңтар мен наурызда тапсырған тесттерінің ұпайларын ескереміз, - деді орталық директоры.
Яғни балаларға сол ұпайларымен грант конкурсына қатысуға мүмкіндік беріледі. Сөзінше, министрлік мұндай шешімді қабылдап қойған.
ТЖ болған 6 аймаққа министрлік арнайы гранттар бөледі. Ол туралы алдағы уақытта айтамыз, - деді директоры Болатбек Абдрасилов.
Орталық басшысы барлық өңірде ҰБТ тапсыратын орталықтар тестілеуге дайын екенін жеткізді.
Еске салсақ, су тасқыны болған өңірлерде ҰБТ қашан өтетінін және талапкерлердің 75%-ы қазақ тілінде тест тапсыратынын жазған едік.