Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев биылғы ҰБТ-ны қорытындылады.
Биыл елімізде ҰБТ тұңғыш рет электронды форматта өтті. ҰБТ «бір компьютер – бір камера – бір тестілеуші» қағидаты бойынша 51 пункте өткізілді. Сондай-ақ биылғы жылғы ҰБТ-ның негізгі артықшылығы – әрбір тестіленуші грантқа өту үшін 2 рет тест тапсыру мүмкіндігін алды. Яғни былтыр және одан алдыңғы жылдары тестіленуші ҰБТ-ны бір рет қана тапсырса, ал биыл грантқа түсу үшін ҰБТ-ны тапсыруға екі мүмкіндік берілді, - деді ол.
Әділет Тойбаевтың айтуынша, 13 шілдеде грантқа құжаттар қабылдау басталады. Сол сезде түлектер өзіндегі екі сертификаттың бірін өткізе алады.
Тестілеу 5 пән бойынша өтті. 3 негізгі міндетті және 2 бейінді пән. Бұл тарапта аса өзгерістер болған жоқ. Тапсырмалар саны өзгермеді. 120 болып қалды, - деп түсіндірді департамент директоры.
Ол сұрақтар базасында біршама өзгеріс болғанын айтты.
Біріншіден, жыл сайын тест базасы 30%-ға жаңартылады. Биыл да солай болды. Бірақ биыл бірінші рет бейіндік пәндер бойынша контекстік сұрақтар енгізілді. Олар баланың логикалық ойлау дағдыларын тексеруге және функционалдық сауаттылыққа арналған, - дейді Тойбаев.
Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік басты назарда болды.
Тест электронды форматта өткендіктен негізгі мақсат ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. ҰБТ жабық VPN арнасында өтті. Бұл жүйе сертификациядан өткізілген, - деп атап өтті БҒМ өкілі.