«Уақыт өтуде!»: Елордада туберкулезбен күрес айлығы жалғасып жатыр

4 Наурыз 2021, 15:33
2335
Бөлісу:
«Уақыт өтуде!»: Елордада туберкулезбен күрес айлығы жалғасып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада 2021 жылдың 24 ақпанынан 24 наурызына дейін «Уақыт өтіп жатыр!» ұранымен туберкулезге қарсы күрес пен оның алдын-алуға қатысты айлық жалғасып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «COVID-19 кезінде туберкулез індеті бойынша елордадағы жағдай» тақырыбында онлайн брифинг барысында белгілі болды.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемованың айтуынша, бір ай ішінде қаланың медициналық ұйымдарында әлеуметтік желілер мен YouTube каналында тиісті ақпараттар жарияланатын болады. 

Бұл саладағы мамандармен әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізіледі. Эфир барысында аурудың алдын алу, диагностикасы және емі туралы кез-келген сұрақ қоюға болады. Қаланың АМСК ұйымдарында осы аурудың алдын алу бойынша ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Бұл ұран - медициналық ұйымдарды ғана емес, сонымен бірге бүкіл қала тұрғындары мен елорда қонақтарын туберкулезге тексеруден өтуге, туберкулездің алдын-алу және анықтау бойынша деңгейін көтеруге, бұл тұрғыда белсенділік танытуға шақыру, - деп толықтырды спикер.

Акция аясында қаланың шалғай аудандары (Промышленный, Пригородный, Өндіріс, Көктал) тұрғындарына жылжымалы флюорографиялық қондырғыларына ақысыз флюорографиялық сараптама жүргізілді. Жалпы, акция өткізілген уақытта туберкулезге қарсы профилактикалық тексеруге 4554 адам қамтылды, оның ішінде 104-і тұрғылықты орны жоқ адам.


Өзгелердің жаңалығы