Украин тілі. Біржола шешім қабылданды

28 Сәуір 2019, 20:34
6665
Бөлісу:
Украин тілі. Біржола шешім қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Украинада мемлекеттік тіл туралы заң қабылданып, онда украин тілінің мәртебесі толық айқындалған дейді тілші, немістің DW.COM басылымына сілтемемен.

Жаңа заңға байланысты, украин тілі қоғамда басымдыққа ие болып, орыс тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесі жойылады.

Жоғары Радада 25 сәуір күні қабылданған «Украин тілінің мемлекеттік тіл болуын қамтамасыз ету туралы» заң украин тілінің қоғамда кеңінен қолданылуына кепілдік береді. Украин тілі тек жеке қарым-қатынас пен діни рәсімдер кезінде міндетті емес.

Заңға сәйкес, мемлекеттік және коммуналдық, медицина мен транспорт салаларында, тауарлардың жазбалары мен сервисте, өнер мен білімде, БАҚ-та - украин тілі міндетті.

Сонымен бірге, орыс тілінің мәртебесі де нақтыланған.

Орыс тілі мен аз ұлттардың тіліне ешқандай шектеу жоқ. Аз ұлттардың тілдерінің мәртебесі — Еуропа аймақ және аз ұлттар тілдері хартиясының аясында заңмен бекітіледі. Талап бойынша, үкімет ондай заңның жобасын украин тілі туралы заң жарық көргеннен кейін жарты жыл ішінде ұсынуы керек.

Осы арада орыс тілінің мәртебесі айқындалып қалды.

Біріншіден, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесінен біржола айырылады. Енді ұлтаралық қатынас тілі де украин тілі болады.

Мемлекеттік қызметкерлердің украинше білу міндеті мұның алдындағы «Мемлекеттік қызмет» туралы заңда міндеттелген. Ендігәрі украин тілін білу - Украина азаматы мен азаматтығын алғысы келіп жүргендерге де міндетті.
Орыс тілін кімдер және қайда қолданатын болады?
Орыс тілінің мәртебесі енді Украинадағы басқа 100-ден астам тілдердің мәртебесіне теңестірілді. Оны жеке қарым-қатынас пен діни рәсімде қолдануға шектеу жоқ. Басқа тілдер сияқты, орыс тілі кітап басуда, баспада, телевидениеде, білім мен сервисте қала береді. Бірақ бұл салаларда украин тілі - ендігәрі ұлтаралық және қоғамдық тіл болады.
Заң украин тілін қалай қорғайды және орыс тіліне не болады?
Украин тілі баспа ісіндегі басты тіл ретінде көрсетілген. Басқа тілдерде жарық көрген басылымдардың саны украин тіліндегі тираждан аспауы тиіс. Интернет-сайттардың да украинше нұсқасы болуы міндетті және жүктеген кезде бірінші ашылуы тиіс. Барлық мәдени-бұқаралық шаралар тек украин тілінде өткізілуі тиіс. Басқа тілдегі театр қойылымдарында украин тіліндегі субтитрлер болуы керек. Ғылым саласында украин тілінде немесе Еуроодақ елдерінің біріндегі тілде еңбектер жариялауға рұқсат.

Орыстілді БАҚ-пен не болады?
Орыс және басқа тілдердегі трансляциялар мен газеттерге шектеу жоқ. Бірақ украин тілі барлық БАҚ үшін міндетті. Орыс және басқа тілдердегі телебағдарламалар украин тіліне аударылуы керек, ал бағдарламаға қатысушылардың бірі басқа тілде сөйлейтін болса, телерадиокомпания синхронды аударманы қамтамасыз етуге міндетті.

Жалпыұлттық арналарда украин тіліне квота 90 процентке ұлғаяды. Аймақтық БАҚ-тарға басқа тілдерде тәулігіне 20 процент трансляцияға рұқсат. Тек қырым-татар тіліндегі телерадио ұйымдарына ана тілінде тәулігіне 40 пайыз трансляция беруге болады. Кез келген электронды БАҚ-қа украинше нұсқасын жасау міндет және ол жүктеген кезде бірінші шығуы тиіс. Бұлар заң күшіне енгеннен кейінгі жарты жыл ішінде жүзеге асуы тиіс.

Еуроодақтағы тілдер мен қырым-татар тілдерінен басқа газеттер украин тілінде шығуы тиіс. Мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ газетке 6 800 - 8 500 гривна (227-283 евро. - түпнұсқа ред.) айыппұл салынады.
Украин тілін қоғамдық қарым-қатынаста қолдану ережелерін бұзғандарға қандай айыппұлдар бар?
Украин тілін басқа тілдердің, оның ішінде - орыс тілінің қасында дискриминация үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Білім беру, мәдениет, спорт сияқты гуманитарлық бағыттарда тіл саясатын бұзғандарға 200-ден бастап 300 салықсыз мининмум (бұл қазір 3400-5100 гривна, немесе 110-170 евро. - түпнұсқа ред.). Бұл ереженің күшіне ену уақыты үш жыл кейінге қалдырылған. Осы уақыт ішінде барлық облыстарда украин тілін үйрену орталықтары ашылуы тиіс.
Орыс тілінде оқыту мен орыс тілін оқыту мектептерде қалай ұйымдастырылады?
Украин тілі мектепке дейінгі ұйымдарда, мектепте және ЖОО-ларда міндетті. Бастауыш мектептер мен балабақшаларда мемлекеттік тілмен қатар орыс және басқа аз ұлттар тілінде оқуға рұқсат беріледі. Ол үшін бөлек сыныптар ашуға болады. Бұл жеңілдік ЖОО-лар үшін жоқ, онда оқу тек украин тілінде жүруі керек. ЖОО-ларда Еуроодақ тілдерінің бірінде дәріс оқуға рұқсат. Тестілеуді толығымен украин тіліне көшіру 2025 жылға дейін қалдырылған.

Украин тілін білмейтін адам көліктегі жазбаларды, дәрі-дәрмектің инструкцияларын немесе коммуналдық төлемдердің квитанцияларын қалай түсініп алады?
Заң бойынша, дәріхана провизорлары, көлік қызметкерлері және сервистің барлық саласында қызмет ең бірінші украин тілінде ұсынылуы керек. Бірақ клиенттің өтініші бойынша, әңгімені оған түсінікті тілде жалғастыруға болады. Квитанция мен басқа да баспа өнімдерін орыс немесе басқа тілдерге аудару үшін интернет-технологияларды, мысалы, Google Translate сервисін пайдалануға болады.
Тіл туралы заң украин қоғамында араздық тудырып, орыстілді халықтың жаппай толқуы болмай ма?
Украиндердің протестік көңіл-күйін ақйындауға бағышталған соңғы жылдардағы әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, тіл мәселесі халықты жаппай шеруге шығуын тудыратын мәселелер қатарында емес. 2018 жылы Илько Кучерив атындағы "Демократиялық бастамалар" қоры мен Разумков Орталығының әлеуметтік қызметі бірлесіп жүргізген Жалпыұлттық сауалнама авторларының қорытындысы осындай. Бұл сауалнама Қырым мен Донецк, Луганск облыстарын қамтыған жоқ.

Бірақ тіл мәселесі ресейшіл саяси күштердің басты тақырыптарының бірі. Жоғары Рададағы осы күштердің өкілдері мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдауына күшті қарсылық көрсетті. "Оппозициялық блок" пен "Халық қалауы" фракцияларының депутаттары тіл туралы заңды Конституциялық Соттың қарауына беретінін мәлімдеп, оны Украина Конституциясының бірнеше бабын бұзды және регламент ережелерін бұзып дауысқа салынды деп есептейді.

"Пента" саяси зерттеулер Орталығының басқарма басшысы Владимир Фесенконың айтуынша, ресейшіл күштер бұрынғыдай, тіл туралы заңды өздерінің парламенттік науқанының басты тақырыптарының бірі ретінде пайдаланып, жаппай шерулер ұйымдастыруы мүмкін.

Ал заңның авторлары - оның Еуропа Кеңесі мен NATO өкілдерімен келісіліп, Еуроодақтағы - Франция, Польша және Балтық елдеріндегі тіл туралы заңдарына сүйеніп жасағандарын айтады. Украина Ресей империясы мен Советтер Одағы құрамында болған кезде украин тіліне 120 рет тыйым салынып, жойылу қаупі төнген.
Өзгелердің жаңалығы