ТЖМ: Түркістан облысында жағдай тұрақты

3 Ақпан 2023, 16:46
1263
Бөлісу:
ТЖМ: Түркістан облысында жағдай тұрақты
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Вице-министр табиғи апат орын алған Түркістан облысындағы қазіргі жағдайға тоқталды. 

Қазіргі уақытта республиканың оңтүстік аудандарында, соның ішінде Түркістан облысында су тасқыны жағдайы күрделене түсті. 1 және 2 ақпанда толассыз жауған нөсер мен температураның 7-8 градусқа дейін жоғарылауынан Түркістан облысының төрт ауданында таудан еріген қар сулары су тасқынына ұласты. Негізінен бұл Сауран, Ордабасы, Созақ және Бәйдібек аудандары, сондай-ақ Арыс және Кентау қалалары. Су тасқыны салдарынан Түркістан облысындағы 21 елді мекен мен 234 аула аумағын су басты, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

Айтуынша, қабылданған шұғыл шаралардың арқасында құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. 

Арыс қаласында бір тұрғын үй судың астында қалды. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласындағы ТЖМ барлық бөлімшелері жоғары дайындықта. Қазгидрометтің жасаған болжамына байланысты суды бұру үшін 13 мыңға жуық қапшық төселіп, жеке құрамның 400-ден астам адамы мен 71 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Шымкент гарнизонының шұғыл құралдары көмекке келді. Жағдай тұрақты, - деді Ибрагим Күлшімбаев. 

Өзгелердің жаңалығы