ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданынан ауыр хәлдегі науқасты санитариялық авиация арқылы облыс орталығына жеткізді.
1963 жылы туған тұрғын аудандық ауруханада ауыр жағдайда жатқан. Оған мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында пациент көпбейінді облыстық ауруханаға шұғыл тасымалданды.
ТЖМ мәліметінше, экипаж бен медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында науқасты жеткізу уақыты едәуір қысқарып, қажетті емді дер кезінде бастауға мүмкіндік туды.
Төтенше жағдайлар министрлігі санитариялық авиация шалғай елді мекендердегі тұрғындарды жедел медициналық көмекпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әсіресе, әр минут шешуші мәнге ие болатын жағдайларда ТЖМ авиациясы науқастарды мамандандырылған медициналық мекемелерге жедел жеткізуді қамтамасыз етеді.