ТЖМ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды

20 Қараша 2023, 21:10
623
Бөлісу:
ТЖМ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігі аңшылық және балық аулау маусымы басталғаннан бері су айдындарында адамдардың өлімінің алдын алу бойынша профилактикалық рейдтік іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ сілтеме жасап.

Оның барасында балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ақпараттық жадынамалар таратылады.

Төтенше жағдайлар департаменттері полиция департаменттерімен, көліктік бақылау және облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп су айдындарының аса қауіпті учаскелерінде 27 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізді. Оның барысында 242 мыңға жуық үгіт өнімі таратылды.

Құтқарушылар халық арасында, аңшылық және балық аулау дүкендерінде, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру орындарында 407 акция өткізді. Аң аулау және балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 9 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылды. Аңшылар мен балықшылармен 5 мыңнан астам нұсқаулық өткізілді, - деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

ТЖМ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды

Өткелдер мен өтпе жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Абайлаңыз, жұқа мұз» деген 2 мыңға жуық ескерту белгісі орнатылды. Мұз өткелдері мен өтпе жолдарын орнатуға дайындық жұмыстары басталды.

Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында барлығы 196 адам, оның ішінде 64 бала құтқарылды.

Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, 2023 жылдың көктемгі, күзгі-қысқы кезеңдерінде еліміздің су айдындарында 16 адам, оның 13-і балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан суға батып кетті. Қайтыс болғандар Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының су айдындарында тіркелді.

ТЖМ су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды

Қазақстан ТЖМ ел азаматтарын бірінші кезекте су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарын сақтауға шақырады:

1) қараңғыда және көрінуі нашар кезде мұзға шықпаңыздар.

2) мұздың жұқа және әлсіз учаскелеріне шықпаңыздар;

3) мұздың жекелеген учаскелерінде топ болып жиналмаңыздар;

4) мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындамаңыздар;

5) автомобильдермен өткелдердің сыртына шықпаңыздар.

Мұз астынан балық аулайтын адамдар жеке құтқару құралдары болған кезде ғана балық аулаған жөн. Шағын алаңда екіден артық ойық жасауға және от жағуға, сондай-ақ өткелдер орындарында балық аулауға арналған торлар орнатуға және ойық жасауға болмайды.

Көбінесе, судағы (мұздағы) оқиғалар адамның өзіне деген сенімділіктің, өз күштері мен мүмкіндіктерін асыра бағалаудың, судағы (мұздағы) қарапайым жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің салдарынан болады.

Өзгелердің жаңалығы