ТЖ: iKOMEK күшейтілген режимде жұмыс істейді

11 Қаңтар 2022, 08:32
1302
Бөлісу:
ТЖ: iKOMEK күшейтілген режимде жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. iKOMEK бірыңғай байланыс орталығы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жедел штабтың шұғыл желісі қызметін атқарады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.  

Орталық күшейтілген режимде жұмыс істейді, елорда азаматтарының тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің барлық мәселелері бойынша өтініштерін қабылдап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап енгізілген төтенше жағдай сұрақтары бойынша кеңес береді. 

iKOMEK109 үздіксіз жұмыс істеп, бірден бір коммуникация құралына айналды. Орталықта ТЖ режиміне қатысты барлық сұрақтар жедел түрде атқарылады. iKOMEK109 орталығына ағымдағы жылдың 5 қаңтарынан бастап бүгінгі таңға дейін 58 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Ең көп қоңырау саны 5 және 6 қаңтар күндері: 20 мыңнан астам қоңырау қабылданды.

iKOMEK109 байланыс орталығы өткен тәуліктерде консультациялық сипаттағы 8 мыңнан астам қоңырауды қабылдады. Сұрақтардың көпшілігі төтенше жағдайға қатысты – 2 919, көбінесе блокпосттар арқылы кіріп-шығу, қоғамдық көлік жұмысы, коменданттық сағат, кімнің жүріп-тұруына болады деген сипаттағы сұрақтар қойылды. Екінші орында денсаулық сақтау саласындағы сұрақтар – 1 918, коронавирусқа, жаңа омикрон-штамына қатысты сұрақтар. Үшінші орында қоғамдық көлік мәселелері – 895, азаматтарды қала ішінде қоғамдық көлікпен жүру, жолақысын төлеу және т.б. сұрақтар алаңдатты. Қала тұрғындары сонымен қатар, қала тіршілігін қамтамасыз ету, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау мәселелерімен жүгінуде, - делінген ақпаратта.

«iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен төтенше жағдай режимі кезеңінде орталыққа келіп түсетін өтініштер легі артты, оған жедел түрде жауап беріп жатырмыз», - деді iKOMEK қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.

Сонымен қатар «iKOMEK» жағдаятттық орталығы аясында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция және Төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесе отырып, елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Жедел штаб аясында бейнебақылау жүйесі арқылы қоғамдық тәртіпке мониторинг жүргізіледі. 

«iKOMEK» орталығының бейнебақылау операторлары тарапынан қоғамдық тәртіп пен коменданттық сағатты бұзушылар анықталып,ақпарат жедел түрде Полиция департаментінің қызметкерлеріне беріліп жатыр.

 

Өзгелердің жаңалығы