ТЖ басталғалы Атырау қаласына 1000 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді

28 Мамыр 2024, 17:00
420
Бөлісу:
ТЖ басталғалы Атырау қаласына 1000 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді
VIDEO
Фото: скрин

Атырау қаласы Әбілқайыр хан даңғылы, 79 мекен-жайында құрылған гуманитарлық көмек пунктіне ТЖ басталғалы 1000 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.

Аталмыш пункт жетекшісі Әйгерім Жәрдемқызының айтуынша, келген көмектің басым бөлігі Жылыой ауданына жеткізілді.

Өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың бірі Жылыой ауданына қол ұшын созу мақсатында бірнеше мәрте фура және әскери жүк вагонымен азық-түлік, гигиеналық заттар, төсек орындары және құрал-жабдықтар жібердік. Ахуал қиындап, су басқан кезде Теңіз қалашығына көмекті тікұшақ арқылы жөнелттік. Бұдан бөлек, Махамбет пен Индер ауданы да гуманитарлық көмекпен қамтылды,-  дейді Гуманитарлық көмек пунктінің жетекшісі.

Бүгінгі таңда ахуалға байланысты пункте тек тамақ қоры ғана жинақталуда. Алайда қаладағы эвакопунктерге орналасқан тұрғындарға қандай да бір көмек қажет болған жағдайда, еріктілер жедел түрде керек заттарын тауып жеткізуде. Осы істерді атқару шараларына жалпы саны 250 ерікті бір мезгілде қатынасқан. Қазір тұрақты түрде 20 ға жуық ерікті жүр. Естеріңізге сала кетейік, көмек Жетсіу, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент, Өскемен қалаларынан, сонымен қатар әртүрлі компаниялар мен партиялардан да келді. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікістан, Ресей мемлекетінің Дағыстан республикасы мен Астрахань қазақтарынан өңірімізге гуманитарлық көмек «керуені» тоқтады.

Өзгелердің жаңалығы