«Тыныс алу мүмкін емес»: Алматыда аудан тұрғындары жағымсыз иіске шағымданды

10 Қыркүйек 2026, 10:43
АВТОР
 ©BAQ.KZ/ Жасанды интеллект 10 Қыркүйек 2026, 10:43
10 Қыркүйек 2026, 10:43
56
Фото: ©BAQ.KZ/ Жасанды интеллект

Алматы қаласының Наурызбай ауданында тұратын тұрғындардың бірі кәріз жүйесінен шығатын жағымсыз иіске қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, бұл проблема бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғынның сөзінше, Алты Алаш көшесі маңындағы кәріз арнасы мен коллектордан өте қатты жағымсыз иіс шығады.

Күн сайын осы аумақтан өтетін тұрғындар мен жүргізушілер үшін бұл үлкен қолайсыздық туғызып отыр. Мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Осы уақыт ішінде қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, жағымсыз иіс әлі күнге дейін бар, – дейді тұрғын.

Ол негізгі мәселе белгілі бір аумақта шоғырланғанын атап өтті. Тұрғынның айтуынша, кей жерлерде иіс аз сезілгенімен, негізгі проблема нақты бір жерден байқалады.

Осыған байланысты ол жауапты қызметтерден аумақты тексеріп, кәріз арнасының жағдайын бағалауды, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуді және жағымсыз иісті жою бойынша шара қабылдауды сұрады.

Бұл мәселені бақылауға алып, нақты шешім қабылдауды өтінемін. Себебі проблема ұзақ жылдан бері сақталып келеді, – деді ол.

Әкімдік не дейді?

Наурызбай аудандық әкімдігі тұрғынның шағымына қатысты түсініктеме берді. Әкімдіктің мәліметінше, Алты Алаш көшесінің бойымен диаметрі 1000 миллиметр болатын қалалық кәріз коллекторы өтеді. Аталған аумақта ағын сулардың қысымын төмендетуге арналған қабылдау камерасы мен арнайы құдық орналасқан.

Жағымсыз иістің таралуын болдырмау мақсатында қабылдау камерасының айналасындағы тігістерді герметизациялау жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Сонымен қатар тұрғындардың өтініштеріне байланысты қосымша жұмыстар жоспарланған.

Тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, кәріз құдығының деңгейін қазіргі асфальт жабынының деңгейінен төмендету жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстар аяқталғаннан кейін асфальт жабыны толық қалпына келтіріледі, – делінген әкімдік хабарламасында.

Әзірге аталған жұмыстардың нақты қашан басталатыны мен қашан аяқталатыны туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Наверх