Тынымсыз балаларды әуен арқылы тәрбиелеуге болады – психолог

2 Ақпан 2024, 14:05
2841
Бөлісу:
Тынымсыз балаларды әуен арқылы тәрбиелеуге болады – психолог
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Психолог музыка арқылы баланы зерттеп, оны тәрбиелеуге болатынын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.

Балаға музыкалық тәрбие беру дегеніміз оны музыкант немесе шығармашылық адам ретінде тәрбиелеу деген сөз емес. Осы орайда музыканың бала дамуына әсері туралы психолог маман Ғайни Ықыласпен сұқбаттасқан едік.

-Ғайни ханым, музыка балалар психологиясына қалай әсер етеді?

Балаға музыкалық тәрбие беру дегеніміз оны музыкант немесе шығармашылық адам ретінде тәрбиелеу деген сөз емес. Бала өмірге келгеннен бастап әлдилеп әуендете бастаймыз. Анасының қоңыр үніне баланың тезірек тынышталатынын байқаймыз. Сондай-ақ медицина тілінде "белый шум"-дарды қосып қоюға дәрігердің өздері кеңес беріп жатады. Ал баланың 1 жастан бастап 3 жасқа дейінгі кезеңі оның сөйлеуінің ең жақсы дамитын кездері. Осындайда бала жай қарапайым айтқан сөздерден көрі әуенмен айтылған сөздерді тез қабылдайтынын байқаймыз.Мысалы, аяқпенен топ-топ, алақанмен хлоп-хлоп сынды әндерді тек әуенсіз айтсақ, бала оны қайталамауы мүмкін. Ал музыкамен айтсақ, бала оны жеңіл қабылдайды. Өйткені миымыздың даму барысында біздің оң жақ жарты шарымыз бірінші дамиды. Оң жақ жарты шар дегеніміз мидың шығармашылыққа, музыкаға, ритмге жауап беретін бөлігі. Сондықтан 1 жастан бастап музыканы дамытушы құрал ретінде пайдалана бастаймыз.

-Ал жасөспірім шақта ше?

Жасөспірім кезеңдегі яғни мектеп жасындағы балаларға музыка тәрбие құралы ретінде әсер етеді. Мағынасыз, ауыз музыкаларды көбірек тыңдауы оларды депрессиялық жағдайға алып келеді. Немесе баланың классикалық музыкамен айналысуы оның тәрибесінің жақсы болуына әсер етеді.

-Музыкамен айналысатын адамдардың мінез-құлқында қандай да бір өзгешелік болады ма?

Осы тақырыпта шетелдік ғалымдар көптеген зерттеу жүргізген. Сонда классикалық музыкамен айналысқан студенттер мен музыкамен айналыспаған студенттер арасында зерттеу жүргізген екен. Сонда музыкамен айналысқан студенттердің миының белсенділігі әлдеқайда жақсы екендігін аңғарған. Сондай-ақ кез-келген адам ақыл-ой жұмысымен айналысатын кезде, 10 минут бойы Моцарттың әуендерін таңдаса, оның жұмыс жасау қабілеті әлдеқайда жақсы болады деген тәжірибе бар.

-Күнделікті қандай әуендерді тыңдауға кеңес бересіз?

Бұл адамның көңіл-күйіне байланысты. Егер шаршаңқы, ашулы күйде тұрса онда баяу, классикалық музыка жақсы әсер етеді. Егер керісінше, адам депреситивті көңіл күйде болса, ойнақы, тембрі тез мелодиялар жақсы әсер береді. Балаға да сондай. Бала тынымсыз, бір орында отырмайтын, зейіні тұрақсыз болса, оған ойнақы әуендерді тыңдату оның одан сайын тынымсыздануына әсер етеді. Ал ауыр қозғалатын, тез қабылдамайтын балаларға ойнақы, билейтін әуендерді көбірек пайдалануымыз керек.

-Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын. Біздің оқырман бүгінгі сұқбаттан керекті ақпараттарды алды деп үміттенемін.

Өзгелердің жаңалығы