Тың идеялар мен жаңа бастамалар күтемін – Аслан Рахымбергенов

23 Сәуір 2019, 08:35
2988
Бөлісу:
Тың идеялар мен жаңа бастамалар күтемін – Аслан Рахымбергенов

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХXVII сессиясын өткізу жоспарланған. Аталған шараға қатысушылардың бірі – қарағандылық Аслан Рахымбергенов еліміздің тұтастығын сақтау мен ұлтаралық келісімді дамытуда ҚХА-ның орны ерекше екендігін айтады.

«Қазақтың қонақжайлылық қасиеті қанға сіңген десем артық айтпағандығым болар. Қазақ халқы үйіне келген қонақты ғана емес, елімізге келген өзге ұлт өкілдерін де құшақ жая қарсы алады. Бала кезімнен есте қалғаны, ауылға келген өзге ұлт өкілдері біздің үйде үнемі қонақта болатын. Осы жандардың барлығын туыстарымыз деп ойлайтынмын. Өсе келе, әжемнің бұл ісі өзге ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет екенін, қазақ халқының қонақжайлылығының бір қыры екенін түсіндім. Тағы бір түйгенім, әжемнің осы қасиетін көптеген адам құрметтеп, сыйлайтын. Ал бүгінде өзім де осы ұстаныммен өмір сүремін. Еліміздің әрбір азаматы, мейлі ол өзге ұлт өкілі болса да, менің туысым іспеттес», - дейді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Аслан Рахымбергенов.

Ол елімізде өмір сүретін ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының 29 cәуірде ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін кезекті сессиясында тың бастамалар мен жаңа идеялар ұсынылатынына сенімді.

«Аталған шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Себебі, Елбасының қатысуымен өтетін осындай ауқымды шараға алғаш рет қатыспақпын. Сессия жұмысынан тың идеялар мен жаңа бастамалар күтемін», - деді Аслан Рахымұлы.

Өзгелердің жаңалығы