Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өтіп жатқан ішкі туризмнің проблемалары мен даму перспективаларына арналған «Үкімет сағатында» Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев туризм саласын ынталандыруға шаралар туралы айтып берді.
Абаев атап өткендей, былтыр 30 сәуірде «Туристік қызмет туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл заң аясында мемлекеттік қолдау бойынша бірқатар жаңа ынталандыру шарасы қарастырылған.
Ол қандай шаралар:
- шетелдік турист үшін туроператорларды субсидиялау (15 мың теңге);
- тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен жабдықтар (аспалы жолдар, ратрактар, қар генераторлары) сатып алу шығындарын өтеу (25%);
- туристік объектілерді (10%), жол бойындағы сервис объектілерін салу шығындарын өтеу (10%);
- туравтобустарды сатып алу шығындарын өтеу (25%);
- санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГТ) күтіп-ұстауды субсидиялау (83 300 тг.).
- турпакет құрамындағы балалар авиабилетін субсидиялау (Kids Go Free).
Бұдан басқа, туристік саланың инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатымен туризм саласындағы инвестициялық жобаны басым жоба деп тану шегі 2 млн айлық есептік көрсеткіштен 200 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетілді. Бұл инвестициялық преференциялар алуға мүмкіндік береді, - дейді Дәурен Абаев Мәжілісте.
Оның сөзінше, бұл қағидаларды орындау үшін заңға тәуелді қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданды.
Сонымен қатар қағидалар тиімді болуы үшін олардан шектеу шаралары мүмкіндігінше алынып тасталады. Бұл жергілікті атқарушы органдар үшін жобаларды өңірдің қажеттілігіне икемделе отырып іріктеуге мүмкіндік береді. Сол үшін өңірлер көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жұмыстарын барынша жандандыруы қажет, - деп айтты Мәдениет және спорт министр.
Ол мемлекеттік органдардың позицияларына сәйкес, бюджеттік заңнама негізінде шығындарды өтеу тетіктері бойынша қолдау шараларына қаражат бөлу рәсімі шамамен жарты жылға жетуі мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар субсидиялау шаралары бойынша қолдау шарасының қаражаты кәсіпкерлердің өтінімдері негізінде жедел түрде бөлінеді.