Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету тәртібін реттеу көзделіп отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жәмилә Нұрманбетова айтты.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмилә Нұрманбетова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша қорытынды әзірледі.
Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық жасаған. Ол отбасылық саясат жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағыттаған.
«Мемлекеттік отбасылық саясат» ұғымын ашу бойынша нормалар енгізіліп жатыр. Үкіметтің, уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері нақтыланады. Мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жан-жақты өзара іс-қимыл тетіктерін бекіту ұсынылады, - деп айтты депутат.
Сонымен қатар отбасын қолдау орталықтарын құру, отбасы тұрмыстық қатынастар саласында статистикалық мониторинг енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету тәртібін реттеу көзделеді.
Жәмилә Нұрманбетова комитет заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды дайындауға дайын екенін айтты.
Депутаттар осы мәселе бойынша қаулыны қабылдады.