Тұрмыстық қалдықтарды азайтудың жолы қандай?

12 Ақпан 2024, 17:40
423
Бөлісу:
Тұрмыстық қалдықтарды азайтудың жолы қандай?
Фото: BAQ.KZ -архив

Еліміздің индустриялық орталығы саналатын Павлодар облысында кәсіпорындардан келетін зиянды заттарды есепке алмағанда, тұрмыстық және коммуалдық қалдықтарды азайту мәселесі күн тәртібінен түскен емес, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Өңір экологиясын жақсарту – жергілікті билікке артылған жүк.

Индустрияландыру саласы неғұрлым дамыса, экологиялық жағдайға тигізетін әсері азаяр емес. Сандарды сөйлетсек, облыс кәсіпорындары жыл сайын шығаратын зиянды заттары көлемі 700 мың тоннаға жетіп отыр. Бұл – жалпыреспубликалық көрсетіштің үштен бір бөлігі.

Мәселені кезең-кезеңмен шешудің бір жолы – заманауи технологияларды енгізу. Сонда табиғатқа келтірілетін зиян көлемі біртіндеп азаяды. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде өндірістік қалдықтар көлемі 16 мың тоннаға кеміді. Оң өзгеріс байқалып келеді.

Өңір басшысы Асайын Байхановтың хабарлауынша, облыста ERG тобына жататын төрт ірі кәсіпорын заманауи гибридті сүзгілерді орнату бойынша кешенді экологиялық шешімдер қабылданды. Бұл зауыт тастандыларын тағы 50 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Десе де, бұл негізгі экологиялық проблеманың бір парасы ғана.

Қоршаған ортаға зиян келтіретін тағы бір ірі сала – коммуналдық қалдықтар. Рұқсат етілмеген қоқыс орындары да азаяр емес. Былтыр осындай 150-ге жуық орын анықталды. Олардың барлығы дерлік жойылды. Бірақ, жағдай қайталанбауы тиіс. Сондықтан, облыс қалаларында коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі шаралар жоспары бекітілді. Оның аясында қолданыстағы полигандар жаңартылып, жаңа қоқыс сұрыптау кешенін салу қарастырылған, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Тағы бір ескерер жайт, қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру орындары кей елді мекендерде жоқтың қасы. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының хабарлауынша, 2022 жылы 10 мыңға жуық халқы бар Тереңкөл, Ертіс ауылдары және Майқайың кентінде қоқыс полигондарын салу жобасы қолға алынған. Ал өткен жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ендігі кезекте Баянауыл ауданының орталығы тұр. Алдағы уақытта өзге аудандарда да полигон құрылысын жүргізу мәселесі қарастырылмақ.

Павлодар қаласына келсек, мұндағы жағдай да мәз емес. Соңғы жылдары кеңестік дәуірден қалған қоқыс контейнерлерін еуростандарттарға сәйкестендіру және зиянды қалдықтарды сұрыптау орындарын қою бсталған еді.

Павлодар қаласында қатты қалдықтарды жинаумен айналысаты "Спецмашин" кәсіпорны биыл қоқысты сұрыптау кешенін салуды бастамақ. Қазіргі уақытта жер учаскесі рәсімделіп жатыр. Инвестор бір жылда 100 мың тонна қоқысты сұрыптау, екінші деңгейлі шикізатты тығыздау және ПЭТ-бөтелке, полиэтилен және оргаикалық қалдықтарды қайта өңдеуді көздеп отыр. "Жасыл Даму" АҚ коммуналдық қалдықтарды басқару Баңдарламасы шеңберінде жобаны қаржыландырып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды техникалық жағынан жетілдіруді жоспарлауда. Екібастұз қаласында осындай өндірістік кешен бар. Бұл жерде пластик, қағаз, металл, целлофан сұрыпталады. Жылдық қуаттылығы – 50 мың тоннаға дейін. Жалпы, аймақ бойынша 93 кәсіпорын субъектісі қоқысты жинау, сұрыптау және тасымалдау бойынша рұқсат алған, - дейді салалық басқарманың бөлім басшысы Аңсар Әлешов.

Күрмеуі қалың мәселені шешу жолдарын ғалымдар қауымы да қарастырып отыр. Мәселен, Торайғыров университетінің зерттеушілері өндіріс ошақтарының қалдықтарын қайта өңдеу жобаларын ұсынып, тиісті жұмыстарды бастап кетті. Жоғары оқу орнында өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу, мұнай-химия, органикалық химия сараптамасына негізделген ғылыми-техникалық зертханаларға басымдық берілген.

Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Мәдениет Елубайдың айтуынша, қазіргі уақытта өзекті мәселенің шешімін табуға бағытталған зерттеулер қолға алынған. Былтыр ғалымдар тоба жобаларын жүзеге асыру үшін 950 млн теңгеден астам сомада грант ұтып алған.

Зерттеулер өзектілігін жоғалтпайды. Өйткені, облыста химиялық бағытта жұмыс істейтін төрт бірдей кәсіпорын орналасқан. Химия және химиялық технологиялар кафедрасында өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда нарыққа физика-механикалық беріктігі жоғары жаңа құрылыс материалдары қажет. Отқа төзімді материалдар да жоғары сұранысқа ие. Қазіргі уақытта біз металлургия және энергетикалық кәсіпорындардан шығатын қалдықтардан материал өндіру бойынша жоба әзірлеп, қаржыландыруға өтініш жібердік. Жоба бойынша өнеркәсіптік деңгейде керамикалық құрылыс заттарын шығаруды жоспарлап отырмыз, - дейді Мәдениет Елубай.

Жоба "Жойылуы қиын тұрмыстық қалдықтарды қолдану бойынша инновациялық әдістерді енгізу" деп аталады. Мақсат – экологиялық қауіпсіз құрылыс материалын өндіру.

Пластикалық бөтелкедерді қайта өңдеу жаңалық емес. Бірақ, біз бұл қалдықтарды ғана емес, мұнай шламдары мен мұнай коксын күйдіруден қалатын күлді қосып, материал жасағымыз келеді. Біз бұл заттарды араластырып, мұнай битумын қосамыз. Бұған дейін жасалған сараптама оң нәтиже берді. Физикалық-химиялық сынақтар сәтті өтті. Алдағы екі жылда нақты нәтиже аламыз деген ниеттеміз. Аталған өндірістік қалдықтар бізге қолжетімді, - дейді ғалым.

Айта кетейік, Павлодар облысының кәсіпорындары ел тұтынатын көмірдің 60%-ын, электр энергиясының 40%-ын және ашық түсті мұнай өнімдерінің 33-ын өндіреді.

Өзгелердің жаңалығы