Жетісу облысы Қаратал ауданының прокуратурасы меценаттармен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған көпбалалы анаға үш бөлмелі үй сыйлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысының прокуратурасы қылмыстың алдын алудың негізгі құралы ретінде азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге басымдық береді. Соның ішінде, Қаратал ауданының прокуратурасының үйлестіруімен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және түзелу жолына түскен тұлғаларды қолдау бойынша нақты шаралар сәтті іске асырылды.
Аудан прокуратурасының меценаттармен және жергілікті атқарушы органдарымен белсенді өзара іс-қимылының нәтижесінде алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Ш.-ның өмірлік маңызды мәселесі шешілді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған әйелге жеке меншік құқығымен абаттандырылған үш бөлмелі тұрғын үй берілді. Отбасын тұрақты баспанамен қамтамасыз ету кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және ананың қоғамға сәтті бейімделуіне негіз болды. Сонымен қатар, аудан прокуратурасының бастамасымен шағын бизнесті дамытуға қолдау көрсетілді. Пробация қызметінің есебінде тұрған азамат К.-ға дәнекерлеу цехын ашу үшін 1,5 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік қайтарымсыз грант бөлінді. Жеке ісін ашу азаматқа қоғамға заңды түрде араласуға және отбасын тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қаратал ауданы прокуратурасының тиімді үйлестіруі маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуде мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік берді. Жетісу облысында заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүйелі негізде жалғасуда.