Түрмеде соғылған соңғы қоңырау

26 Мамыр 2021, 22:05
4180
Бөлісу:
Түрмеде соғылған соңғы қоңырау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыңғырлаған күміс қоңыраудың үнін соңғы рет естіген түлектер алтын ұя мектептерінен ұшып, өмірдің сан қиясына қарай қанат қағады. Адам өміріндегі осындай естен кетпес күнді Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/6 түзеу мекемесінің мектеп бітірушілері де мәнді мерекемен шығарып салды.

Тәрбиеленушілер мектепті мың құбылған шарлармен, жалаушалармен және өздері шығарған қабырға газеттерімен безендіріп, соңғы қоңырау күніне ерекше дайындалды. Түзеу мекемесіндегі орта мектептің 11 және 9-сыныптарын барлығы 25 оқушы бітірді. Қазақ және орыс бөлімдерін бітірген жазалы балалар биылғы оқу мерзімінде алған білім сапаларын енді мемлекеттік емтихан кезінде сынайды, - деп хабарлады Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

Соңғы қоңырау салтанатында түзеу мекемесі мен мектеп басшылары түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтап, олардың болашақта егеменді елімізді көркейтуге үлес қосатын білікті маман болуларына тілек білдірді.

Салтанатты мереке кезінде мектеп басшылары Л.Алмазова мен А.Алиева озат оқушыларды марапаттап, алдағы мемлекеттік емтихан талаптарын түсіндірді. Жазалы балалар да ұстаздарға деген ыстық ықыластарын өз өнерлерімен білдіріп, әуелете ән салды, тебірене өлең оқыды.

Өзгелердің жаңалығы