Түрмеде өмірге келген сәбилер 4 жасқа толғанша аналарымен бірге бола алады

17 Наурыз 2023, 17:01
854
Бөлісу:
Түрмеде өмірге келген сәбилер 4 жасқа толғанша аналарымен бірге бола алады
Фото: tengrinews.kz

ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Аида Балаева осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Балаева бүгін Мемлекет басшысы азаптаудың алдын алу және қамаудағы сотталған азаматтардың құқығын кеңейтетін аса маңызды заңға қол қойғанын атап өтті. Оның сөзінше, "Қаңтар қасіреті" - еліміздің тергеу және пенитенциарлық жүйесіндегі кейбір кемшілікті бастан өткергендердің жанын ауыртқан бірқатар мәселелердің бар екенін ашық көрсетті.

Бұдан былай, адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер мен аяусыз азаптаулар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде аудио және бейне жазбалардың болуы кеңінен қолданылады. Сонымен қатар бас бостандығынан айыру мекемелерінің ішінде жүйелі жетілдіруді қажет ететін ақаулар жоқ емес. Жасыратыны жоқ, ондағы ортада мемлекет заңдарынан бөлек, сотталғандар арасында жүретін өздерінің ішкі еределері да бар. Осындай жабық қылмыстық ортаға түскен қаншама адам, әсіресе абайсызда арандап қалған жастар, теріс түсінік пен қатігездіктің ықпалынына еріп кетіп жатады, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен қатар ол жаңа заң талабына сай енді бірінші рет сотталғандар жазасын бұрыннан немесе бірнеше рет өтеп жатқан "әккілерден бөлек жерде болатынын атап өтті.

Бұның қылмыстық ортаға тән "сабақтастық жүйесін" бұзуға және оның бірінші рет жазасын өтеп жатқандарға қатысты теріс әсерін айтарлықтай азайтуға зор ықпал етері анық. Осылайша түрмеге түскендердің барлығының санасы бұзылады деген қауіптің бұлтын сейілтеді. Сонымен қатар түрмеде ауыр науқасқа шалдыққандарға қатысты қатынас та жеңілдетілді, яғни, ендігі жерде оларға емделуге уақыт беріледі. Ал сырқаты ауырлығына байланысты мерзімінен бұрын босату - тиісті сот шешімінің күшіне енгенгенін күтпей, дереу орындалады, - деп түсіндірді Балаева.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасының айтуынша, колонияда өмірге келген сәбилер 4 жасқа толғанша аналарымен бірге бола алатынын айтты. 

Бұрын бұл тәртіп 3 жасқа дейін ғана еді. Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия "Әйелдер, балалар, түрмелер" жобасын қолдайды. Сотталғандармен жұмыс аясында біз оларға заңи және ортаға бейімделу бағытында көмек көрсетеміз. Енді жаңа заңның арқасында балалар аналарымен ұзағырақ болып, тіпті кей жағдайда және барлығы бірге бостандыққа шыға алады. Жалпы, аталған заң бірқатар, соның ішінде ұзақмерзімді  мәселелерді нәтижелі шешіп, пенитенциарлық жүйені сапалы түрде өзгертетін болады, - деп түйіндеді Аида Балаева.

Өзгелердің жаңалығы