Сот пробациялық бақылауды бұзған Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс 21 қазанда Медеу аудандық №2 сотында қаралды. Ал бүгін, 22 қазанда сот Нұрасыл Болаттың қалған бас бостандығын шектеу мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы үкім шығарды.
Енді Нұрасыл Болат түрмеде 1 жыл 5 ай 10 күн отырады. Ол сот залында қамауға алынды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Нұрасыл Болат белгілі адвокатты соққыға жыққаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 700 000 теңге айыппұл салынды.
2024 жылғы 14 мамырда Жоғарғы сот үкімді өзгертті: Тұрлыхановтың ұлына 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы белгіленді.
Еске сала кетейік, бұған дейін тамыз айында Нұрасыл Болаттың пробациялық бақылау кезінде қаланы аралап жүрген видеосы пайда болған еді. Сол кезде де ҚАЖК ішкі тексерісті бастағаны туралы айтылған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған. Бұл оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған. Іс қоғамдық дау тудырды.
Ал 9 қазанда сот Нұрасыл Болатты өзіне тағылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 1 700 000 теңге көлемінде айыппұл салды. 2024 жылғы 14 мамырда Жоғарғы Сот істі кассациялық тәртіпте қарап, үкімді өзгертті. Тұрлыхановтың ұлына 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтемақы мөлшері ұлғайтылды.
Ал ұлына қытысты видеоға пікір білдірген Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов "бізді көре алмайтындар бар" деп мәлімдеді.