Өзбекстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі түркі дүниесінің мәдени мұрасын сақтау, сондай-ақ Өзбекстанның мәдениетін шет елде насихаттауда еңбек еткен Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы, Қазақстан Республикасының Еңбек Сіңірген қайраткері Арман Нұрмахаматұлына Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі тағайындаған беделді «Yangi O‘zbekiston Yulduzlari» (Жаңа Өзбекстан жұлдыздары) ұлттық сыйлығы табысталды. Марапаттау рәсімі «ZORTV» телеарнасында тікелей эфирде өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Арман Нұрмұхаматұлы «Өзбек мәдениетін шетелде үздік насихаттаушы» номинациясы бойынша бірінші орынға лайық деп танылды. Халықтың дауыс беру нәтижесінде анықталған бұл марапат – Нұрмахаматұлының өзбек мәдениеті мен өнерін әлемдік деңгейде танытуға қосқан үлесінің қоғамдық деңгейде мойындалғанын айғақтайды.
ТҮРКСОЙ аясында Мәдениет және өнер басқармасының басшысы ретінде бірқатар табысты жобаларды жүзеге асырған Арман Нұрмахаматұлы марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ықпалдастықтың маңыздылығына назар аударды. Ол бұл жетістікті ТҮРКСОЙ аясындағы бірлік рухының нәтижесі деп бағалап, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігіне алғыс білдірді.
Айта кетейік, бұл марапат Әндіжан қаласының «2026 жылғы түркі дүниесінің мәдени астанасы» болып жариялануымен жаңа серпін алған Өзбекстан – ТҮРКСОЙ мәдени ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсті. Осыған орай ТҮРКСОЙ ұжымы Арман Нұрмахаматұлына ыстық ықыласын білдіріп, шынайы құттықтауларын жеткізді.