Түркияның оңтүстігінде жер сілкінді

Жерасты дүмпулері төрт провинцияда сезілген.

 istockphoto.com 21 Қыркүйек 2026, 13:00
21 Қыркүйек 2026, 13:00
115
Фото: istockphoto.com

Түркияның оңтүстігіндегі Адана провинциясында таңертең магнитудасы 5 болатын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері көршілес төрт өңірде сезілген. Алайда қираған нысандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген.

Бұл туралы Түркияның Milliyet агенттігі хабарлады. 

Төтенше жағдайларды жою басқармасының (AFAD) мәліметінше, жер сілкінісінің салдарынан қандай да бір келеңсіз жағдай немесе қирау тіркелмеген.

Адана провинциясының Саимбейли ауданында сағат 04:02-де болған магнитудасы 5 жер сілкінісі Кахраманмараш, Османие, Кайсери және Газиантеп провинцияларында сезілді. Қазіргі уақытта қандай да бір келеңсіз жағдай тіркелген жоқ. Аумақта тексеру жұмыстары жалғасып жатыр, - делінген AFAD-тың X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде.

Адана провинциясының әкімшілігі де жер сілкінісінен кейін ғимараттардың қирауына қатысты жедел қызметтерге ешқандай өтініш түспегенін хабарлады. AFAD мамандары мен басқа да тиісті қызметтер аумақта тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Билік жағдайдың дамуын бақылауда ұстап отыр.

Наверх