Түркияның 16 провинциясында ИГИЛ-ге қарсы операция өтті: 51 адам ұсталды

Ұсталғандар террористік ұйыммен байланысы бар деген күдікке ілінген.

 видеодан кадр 4 Қазан 2026, 10:50
4 Қазан 2026, 10:50
264
Фото: видеодан кадр

Операциялар елдің 16 провинциясында Түркия Жандармериясы Бас қолбасшылығының Терроризммен күрес департаменті мен республикалық прокуратуралардың үйлестіруімен бір уақытта жүргізілді.

Euronews таратқан ақпаратқа сәйкес, рейдтер Адана, Адыяман, Балыкесир, Бурса, Диярбакыр, Дюздже, Эдирне, Газиантеп, Ыгдыр, Кайсери, Мардин, Мерсин, Невшехир, Синоп, Шанлыурфа және Зонгулдак провинцияларында өтті.

Түркияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталғандар ИГИЛ құрамына мүше болды деген күдікке ілінген. Сондай-ақ олар ұйыммен байланысты адамдар мен «қайырымдылық» деп аталатын құрылымдар арқылы қаржыландыруға қатысы бар және әлеуметтік желілерде террористік ұйымның үгіт-насихатын таратты деген күдікке алынған.

Ведомство өкілдері ұйым құрылымдары мен оны қаржыландыру арналарына қарсы операциялар жалғасатынын мәлімдеді.

Бұған дейін, бір апта бұрын Түркияда осындай операция аясында 28 қалада тағы 83 күдікті ұсталған болатын. Рейдтер барысында құқық қорғау органдары құжаттар мен цифрлық материалдарды да тәркіледі.

Наверх