Түркиядан келген әкесін алғаш көрген бүлдіршіннің сағынышы жұртты елжіретті

23 Ақпан 2023, 17:00
1280
Бөлісу:
Түркиядан келген әкесін алғаш көрген бүлдіршіннің сағынышы жұртты елжіретті
VIDEO
Фото: скриншот

Әлеуметтік желілерде Түркиядан келген құтқарушы мен кішкентай қызының қайта қауышқан сәті дүйім жұртты елжіретті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Түркияда жойқын зілзала салдарынан үйінді астында қалған адамдарды құтқаруға аттанған қарағандылық құтқарушы мен оның төрт жасар қызының көріскен сәті видеоға түсіп қалған.  

Tengri Life хабарлауынша, видеодан Түркияда екі апта бойы адам құтқаруға ат салысқан Думан Қамзин мен оның әріптестерінің елге оралу сәтін көруге болады. Қарағанды облысы ТЖД құтқарушыларын туыстары мен жақындары, департамент қызметкерлері күтіп алған. Олар құтқарушыларға арнап арнайы плакаттар мен шарлар дайындап қойған. 

Бұл ретті елдің жүрегін елжіреткені видеода кішкентай Данель Қамзинаның әкесімен кездескен сәті еді. Бүлдіршін әкесінің мойнына асылып, "Сені қатты сағындым және шыдай алмай кеттім!" деп еңкілдеп жылайды. Әкесін оннан астам күн көрмеген Данель әкесін жібермей, ұзақ құшақтады.

Бұл видеожазбаға кішкентай қыздың әкесі түсініктеме берді. Оның сөзінше, қызының көз жасы оның жүрегін ауыртып, елжіреткен.

Әрине, көңілім босап кетті. Себебі мен де қатты сағындым. Түркияда болған кезімде үй ішімен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп тұрдық. Данель үнемі жылап, уайымдап, үнемі "Алла, әкемді сақтай гөр" деп тілейтін. Қызым кішкентай болғанымен өте ақылды. Қазірдің өзінде Түркияда қандай қасірет болғанын түсінеді. Түркия халқына жаны ашиды. Кейде ересек адамның ойына келмейтін дүниені де айтып қалады, - деді құтқарушы.

Белгілі болғандай, бұл қызы мен әкесінің бір-бірінен бірінші рет алыстауы емес екен. Думан ТЖ саласында 10 жылға жуық қызмет етеді. Дегенмен, дәл осы жерге баруы бүкіл отбасын уайымдатқан екен.

Түркияда маған отбасым жетіспеді. Отбасың - ең басты қолдаушың. Ең қиыны қаншама адамның тағдыры көз алдымыздан өтті. Біреуі балаларын, біреуі жақындарынан айырылып жатты. Қайтыс болған адамдарды бірінші рет көріп тұрғанымыз жоқ, оған моральдық тұрғыда дайынбыз. Алайда олардың тағдырын естісең, жүрегің қан жылайды, - деді Қамзин.

Айта кетейік, ТЖМ Қарағандыдан барған құтқарушылары құлаған алтықабатты үйден құлағы естімейтін ер адам мен екі әйелді алып шыққаны хабарланды. Жалпы құтқару операциясы барысында 7 адам тірі табылды.  

Өзгелердің жаңалығы