Түркиядағы жер сілкінісі аймағында 2 мыңға жуық үйдің құрылысы басталды

23 Ақпан 2023, 16:57
1282
Бөлісу:
Түркиядағы жер сілкінісі аймағында  2 мыңға жуық үйдің құрылысы басталды
Фото: Аргументы и факты

Бұл туралы Түркияның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи елшілікте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда Түркиядан тыс басқа елдерден 22 далалық госпиталь, 90 015 шатыр, 167 тұрғын контейнер, 999 жылжымалы гигиеналық қондырғылар, 1,3 миллион көрпе, 196 мың 500 ұйықтайтын қап, 74 мың 750 төсек, 26 мың 622 генератор келді. 448 мың азаматымыз жер сілкінісі аймағынан түрлі көліктермен эвакуацияланды. 500 мыңнан астам адам апат аймағынан өз күштерімен кеткен. Әрине, бұл шатырлы және контейнерлік қалашықтар мен тұрғын үйлер уақытша. Үкіметіміз бір жыл ішінде тұрақты ғимараттар салу үшін шаралар қабылдауда. Жер сілкінісі аймағында 1797 тұрғын үйдің құрылысы басталды, - деді елші. 

Айтуынша, наурыз айында 200 мың тұрғын үй, оның ішінде 70 мың ауылдық үй, барлығы 270 мың тұрғын үй/баспана құрылысын бастау жоспарланып отыр.

«Түркия – бір жүрек» ұранымен біздің адамдар барлық қажетті көмек көрсетуде. «Үйің менің үйім болсын» науқаны аясында екінші және бос тұрған тұрғын үйі бар азаматтарымыз оны жер сілкінісінен зардап шеккендерге уақытша берді. Түркия бойынша мектептер 20 ақпанда ашылды. Өңірде уақытша мектептер құру жұмыстары жалғасуда және наурыз айында мұнда да оқуды бастау жоспарлануда. Осы аймақтан басқа қалаларға көшкен балаларды оқыту осы қалалардың мектептерінде жалғасып жатыр. Бауырлас Қазақстанның ынтымақтастығын, тілектестігін және қолдауын бірінші күннен бастап көрдік, жүрегімізде сезіндік, - деп атап өтті Уфук Экиджи. 

Еске салсақ, бұған дейін түрік елшісі қазақстандықтарға алғыс айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы